Үш күндік тексеруде 542 келімсек анықталды

290
Фото: //kalugafoto.narod.ru

Облыс аумағында полиция қызметкерлері жүргізген 3 күндік тексеру барысында көші-қон заңын бұзудың 800-ден астам фактісі анықталды. Бұл — «Мигрант» операциясының нәтижесі. Көші-қон полициясы басқармасының мамандары жүргізген рейдтің негізгі мақсаты Қазақстан аумағында заңсыз жүрген келімсектерді анықтау болатын.

Осы уақыт аралығында тәртіп сақшылары 4 мыңнан астам үйлерді аралап, 5 мыңға жуық еліміздің азаматтары мен шетелдіктердің құжаттарын тексерді.

Соның нәтижесінде облыс аумағынан 542 келімсек табылды. Олардың құжатсыз жүрген 286-сы уақытша ұстау-бөлу орнына жіберілді. 263 заң бұзушыға қатысты әкімшілік жауапкершілік туралы ескерту жасалып, 226-сына айыппұл кесілді. Ал 28 келімсек соттың үкімімен Қазақстан аумағынан шығарылды.

Шетелдің 223 адамына Қазақстан Республикасының әкімшілік-құқық бұзушылық жөніндегі кодексінің 492 және 493-баптарын бұзғаны үшін әкімшілік жаза кесілді. Сонымен қатар Қазақстанның 45 азаматы өз үйінде тұрмайтын шетелдіктерді тіркегені үшін айыппұл төлейтін болды. Ал 31 жерлесіміз шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылып отыр.

Осы үш күндік рейд барысында еліміздің шекарасынан заңсыз өткелі жатқан жерінен 2 адам ұсталып, осындай өткелді ұйымдастырудың 3 фактісі анықталды. Олардың барлығына қатысты қылмыстық іс қозғалған.