Өз қызметі үшін адамдарды қорқытқан күзет агенттігінің директоры ұсталды

398
Фото: //ria.ru

Шымкенттегі Қаратау полиция бөлімінің қызметкерлері күзет агенттігінің директорын ұстады. Наурыз айында полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан арыз келіп түскен. Ол өз арызында Сайрам ауылындағы өзінің азық-түлік дүкенінен белгісіз тұлғалар азық-түліктерін алып, ақшасын төлемей қашып кеткенін көрсеткен.

Жедел-іздестіру шарасының нәтижесінде тәртіп сақшылары аталған жайтқа қатысты деген күдікпен 39, 27 және 23 жастағы Шымкент қаласының тұрғындарын қолға түсірді. Тергеу барысында анықтағаны, азық-түлік дүкенін тонау күзет агенттіктерінің бірінің директорының жоспары болып шықты.

Оның негізгі мақсаты – дүкен қожайындарын қорқыту арқылы өзі басқарып отырған мекемеге тұтынушыларды жинау екен. Бұл үшін директор өзінің қол астындағы қызметкерлерге осынау құйтырқы әрекетін жүзеге асыру үшін таныс адамдар табу керегін сұраған.

Бұл жоспарды жүзеге асыру үшін жалдамалы екі адам дүкен қожайындарына қоқан-лоқы көрсетіп, өртемек болып қорқытып, соңынан дүкен қожайынын күзет агенттігінен көмек сұрауға мәжбүр болғанша күш көрсетеді. Сондағы ойлары — күзет агенттігінің қызметкерлерінің кәсіби және жедел қимылдайтынына көздерін жеткізу болыпты.

Алайда күдіктілердің осынау құйтырқы әрекеттері жүзеге аспай қалады. Күдіктілердің бірі дүкен қожайынымен «жоспардағыдай» жанжалдасып, азық-түліктерді алып, ақшасын төлемей қашып кеткен. Одан соң дүкен қожайыны күзет агенттігін шақырады.

Тез арада жеткен күзет агенттігінің директоры дүкен қожайынын полицияға арызданбауға көндіре бастайды. Бірақ ол тәртіп сақшыларына арызданғанды жөн көріп, хабар береді.

Нәтижесінде құқық қорғаушылар осы дүкендегі бейне-бақылау камерасының көмегімен күдіктілерді анықтап, қолға түсірді. Бүгінгі таңда олардың барлығы қамауда жатыр.

Аталған жайтқа байланысты қылмыстық кодекстің 28 бабы — қылмысқа қатысушылардың түрлері және 252-бап — қызметтік өкілдігін асыра пайдалану бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.