Ардагерлерге арналған медальдар жеткізілді

865
Мерейтойлық медаль

Бүгін өңірімізге Ұлы Отан және тыл ардагерлеріне арналған меретойлық медальдар мен ленталар жеткізілді. Шымкент қалалық әлеуметтік бастамалар мен жұмыспен қамту орталығы мекемесінің мамандары әзірге сый-тартуды аудан бойынша бөліп, реттеп жатыр.

29 сәуірден бастап әкімдік қызметкерлері ардагерлердің үйлеріне барып, сый-сияпатты тапсыратын болады. Мерейтойлық медальдің саны – 7299. Мекеме қызметкерлері мұны мектеп оқушылары және демеушілердің көмігімен 9 мамырға дейін үлестіріп үлгеретіндеріне сеніп отыр.

Бұдан бөлек жомарт жандардың қаржысына ҰОС ардагерлеріне арналған костюмдер де тігіліпті. Мұны естіген бірқатар ардагерлер сыйды алу үшін қалалық жұмыспен қамту орталығына өздері келуде. Бірақ, мекеме мамандары ардагерлерге мұнда келіп, кезекке тұрудың қажеті жоқ екенін ескертеді. Себебі әрбір ардагерге тиесілі медаль мен киім мекенжайы бойынша бірнеше күннің ішінде жеткізілмек.

Жамбыл Байғонов, Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы: «Мерекелік медаль тапсырудан бөлек 9 мамыр қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған тыл ардагерлеріне және жауынгерлердің жесірлеріне қала әкімінің қатысуымен салтанатты дастархан жайылады. Шымкент қаласынан Мәскеудегі шеруге бір Ұлы Отан соғысының ардагері Қаратай Төлебеков  қатысады. Астана қаласындағы шеруге екі бірдей Ұлы Отан соғысының ардагері – Айтжан Бекназар мен Абылай Қазыбаев арнайы бармақ.»