«Барлығы тек Жеңіс күнінде келеді»: ҰОС ардагері жан сырын ақтарды

58

Нина Егоровна Масунова – Ұлы Отан соғысының ардагері. 100 жасқа толған зейнеткер бүгінде Шымкент қаласында тұрады. 17 жасында майданға аттанған ол жас жауынгерлер мектебінен өтіп, радиотелефонист болған. Тіпті соғыс кезінде бригада командирі болып та қызмет еткен. Бірақ, Нина Егоровна қазір сұм соғысты еске алуды ұнатпайды. Оның өзіндік қызығушылықтары бар.

Биыл соғыс ардагері Нина Масунова 100 жасқа толды. Әлі де бұрынғыдай көңілді әрі белсенді. Тіпті күн сайын дене жаттығуын жасап, есік алдындағы гүлдеріне тамсана қарауды ұнатады. Әрі үнемі көшеге телміріп, қонақтарды күтеді. Бірақ Нина Егорқызының айтуынша, көбі жағдайын білу үшін тек 9 мамырда ғана келеді екен.

Нина МАСУНОВА, ҰОС ардагері:
«Барлығы тек мамыр айында ғана еске алып келеді. Ал  қалған кезде жалғыз қаламын. Қуанамын, әрине, бірақ маған ешқандай ақша, азық-түлік қажет емес. Маған тек көңіл бөліп, әңгімелесетін жан керек. Күні бойы жаңалықтарды оқимын, арнайы үлкейткіш әйнегім бар. Әлемде не болып жатқанын, Президент қалай жұмыс істеп жатқанын қарап отырамын. Ал одан кейін немерем менің айтуыммен гүл егеді. Менің бір өтінішім бар, бізді, соғыс ардагерлерін бар кезінде бағаласаңыздар екен».
Бүгін қалалық №12 емхана дәрігерлері ардагердің үйіне келіп, оның денсаулығын тағы бір тексеруден өткізді. Нина Масунова қан қысымым жоғары, бірақ жүрегім жақсы дейді. Дәрігерлердің айтуынша, әжейде зоб болғандықтан, ауруханаға барып қаралуы қажет.

Тимур АЗАМБАЕВ, дәрігер:
«Жағдайы тұрақты. Жалпы денсаулығы жасына сай. Бүгін зоб ауруына қатысты әжейді тексерістен өткіздік. Қазір бұған байланысты ультрадыбыстық зерттеу жүргізу керек. Одан кейін ғана ем жасауға болады».

Соғыс ардагері барлығы жақсы болатынына сенімді. Тек көңіл күйім жоғары болса, жеткілікті деп отыр.

Нина Масунова сұм соғысты еске алуды, ол туралы естелік айтуды ұнатпайды. Сұрасаң, тек көзіне жас алады.

Нина МАСУНОВА, ҰОС ардагері:
«Мен бұл туралы ойлағым да келмейді. Маған келгенде, соғыс туралы сұрамаңыз. Менімен тек саясат, гүл және сұлулық туралы сөйлесуге келіңіздер. Мен мұны ұмытқым келеді. Соғыс жоқ. Әлемде тек бейбітшілік болсын».

Ардагер үйінде үнемі қонақ күтуге әзір. Оған ешқандай ақша пен азық-түлік қажет емес. Ол тек гүлдерді ұнатады. Әрі адамдармен әңгімелескенді жақсы көреді.

Автор: Мөлдір Ибадуллаева