Тоғым хан өзінің тоғыз ұлы, отыз жеті сұлтанымен, сондай-ақ қарамағындағы жиырма мыңға жуық әскерімен Сантастағы соғыста қаза тапқаннан кейін Қазақ Ордасының тағына қай ханның отырғаны жайында тарихшылар арасында әртүрлі пікірлер бар. Мысалы, соңғы кездері сол заманның тарихын біршама тиянақты түрде зерттеп, толымды ой айтып жүрген тарихшы ғалым Берекет Кәрібаев Тоғым ханның билігі тұсында-ақ қазақта бірнеше хан болған деген пікірдің ұшығын шығарады. Оның жорамалдауынша, Момыштан соң таққа отырған Тоғым кезінде Жетісу қазақтарына – Бұйдаш, батыс өңірдегі ноғайлармен шектес жатқан руларға – Қожа Ахмет хан болған екен. (Айтпақшы, мұндай ойдың шетін өткен мақаламызда да көрсеткен болатынбыз). Бірақ осы жерде «Сонда Тоғым қай тараптағы қазақтарды биледі?» деген сұрақтың басы ашық қалады. Расында, Қасымнан Ақназар ханға дейінгі, яғни тарихшылар «әлсіреу кезеңі» деп айтып жүрген аралықта Қазақ Ордасында кейінгі ХVІІІ ғасырдағы үш бөлікке бөлініп (жүздік аумаққа қарай үш хан сайланған) басқарылған үрдіс болды деу қаншалықты қисынды? Әлде, сол заманда-ақ үш жүзге бөлінген қазақты үш хан бөліп алып билеудің алғашқы нышаны бой көрсетті ме? Біздіңше, мұндай пайым – со заманның тыныс-тіршілігін айқындайтын тарихи мәліметтердің біркелкі еместігінен, әр жазбагер оқиғалар барысын түрліше деректермен көрсетіп жазғандарынан туындаған, осы себепті кейінгілер нақты бір байлам айтуға жүрексінген әрекеттерінің негізінде айтылған пікір болса керек. Десе де, ондай тұжырымдар негізсіз де емес. Соған қарамастан, жаңадан құрылып, өзінің нығаюы жолында аласапыран шақтарды, сан-қилы соғыстарды бастарынан өткеріп жатқан қазақ билеушілерінің ойларында Алаш баласын бөлек-бөлек билеу талабы болмағаны анық.

16-013

Кейбір тарихшылардың өткен ғасырларға қатысты қандай да бір деректерді болмасын, олардың қандай дәрежеде, қандай шындыққа негізделген жазба екеніне қарамастан, бәрін тарихи ақиқат деп қабылдауға бейім тұратындары бар. Мәселен, біздің халыққа қатысты тарихи мәліметтер көбіне ылғи жаулас елдердің, жаулас болмаса да, бізге шын жаны аши қоймайтын бөтен ниеттегі елдер өкілдерінің, болмаса сырт көздердің қолдарымен жазылған дүниелер. Тіпті, осы күнге дейін тарихшылар Қазақ Хандығының құрылуы туралы нақты мәліметті жазып кеткен дейтін, кейін Алаш Ордасының күшеюі мен нығаюына зор септігін тигізген Дулат тайпасының өкілі Мухамед Хайдар Дулатидың өзі де сол кезде Моғол хандары билік құрған өлкеде өмір сүрген. Яғни, ол да сонда жаңа құрылған Қазақ Хандығының өкілі болып саналмайды. Одан соң олардың ешбірінің жазбаларында болған, іске асқан уақиғалардың шынайы баяны ашылып көрсетілмейді, көбіне-көп әлгі уақиғалардың бетінде қалқыған көріністері, әр жазбагер әртүрлі жазған даталары ғана беріледі. Сол үшін де бүгінгі зерттеушілер сол «беті ғана қалқып көрсетілген» уақиғалардың айналасынан тарихи қисын іздегендері абзал. Мәселен, ертедегі Рим мен Грекияның және басқа да Еуропа халықтарының тарихы бүге-шегесіне дейін жазылып қалған деп кім сеніммен айта алады? Олар туралы да бүгінге жеткен мәліметтер аса бай емес. Ал оларды байытқан, тарихи қисынға келтірген кейінгі зерттеушілер. Мұндай тәсіл тек Еуропа ғалымдарына ғана тән емес, бүкіл дүниенің тарихшыларында, әсіресе, көп тарихы қолдан жасалған орыс тарихшыларында да бар.

Осыған сайсақ, біздің тарихты зерттеушілер неге белгілі бір даталардың айналасында ғана кібіртіктей беретіндері түсініксіз. Әрине, тарихты ойдан құрау керек емес екені белгілі, бірақ аз мәліметтің өзінен көп сырлардың астарын түсінуге, олардан көптеген қисынды деректер шығарып алуға болатынына кейбіреулердің өре-пайымдары жете бермейтіні, жетсе де, кесімді пікір айтуға жүрексіне беретіндері өкінішті. Базбір зерттеушілердің еңбектері кейде кейіпкерлері бір-біріне қарама-қайшы образдар арқылы өрбитін көркем әдебиетке ұқсап кетеді. Соның кесірінен орыс отаршылдары санамызға сіңдірген «қазақ алауыздығы» деген дертті қайта қоздырып, өткен ғасырлардағы түрлі дәрежедегі хан-сұлтандар мен ру-тайпа көсемдерінің әр бағыттағы пікірлері мен көзқарастарын, саяси ұстанымдары мен соған орай қылған іс-әрекеттерін теріс қылық ретінде көрсетіп,оларды бүкіл халыққа телуден танбайды.

Қазақ хандығы әлдебір елдің жерін жаулап алып, тосыннан пайда болған ел емес. Ол – ілкі ғасырларда түрлі себептерге байланысты әр тарапта шашырап жүрген түбі бір тірегі де, тілі мен ділі де ортақ тайпалардың өз жерінде, өз атамекенінде тарих-тағдырдың қалауымен бір орталыққа бірігудің нәтижесінде дүние сахнасына шыққан. Әлбетте, қай халық болса да, топ-тобырымен өз алдына елдік құрмайды. Оны мұндай дербестікке белгілі бір тұлғалар жетелейді. Сондай тәртіпке сай Керей мен Жәнібек бастаған жолмен, Қасым мен Бұрындық нығайтқан елдік дәстүрмен Қазақ хандығы әлемге әйгіленді. Бірақ ұлы мұрат жолында кездесер қиындық көп. Бұрындықтан кейін елге Тайырдай талайсыз, Момыштай бақытсыз хан бітсе де, халық қалауына жаққан тұлғалар бұрынғы хандар көксеп кеткен мұрат-мақсаттан таймауды көздеді. Ол уақытта мұндай мұрат-мақсаттан таймау деген – қазақтың дербестігін қаламаған жат жұрттықтардан сақтану, олардың шабуылына тиісінше тойтарыс беру боп табылатын. Қазақ дербестікке ұмтылған алғашқы кезеңдерде ел бастаған асылдар, барша Алаш баласы игермек жер байтақ, бауырға мәңгілік басып, меншіктеп алар ата жұрт шалқар еді. Тағдыр ел басқарған тұлғалардың бәрін ұлы да нағыз қайраткер ете бермейді. «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деген нақыл да бар ханға жүрмеген. Тоғымның өлімінен соңғы уақытта Бұйдаш таққа отырса да, ұлы даладағы бар билікті уысына бірден ала алмапты. Өйткені сол шақта батыс өңірдегі қазақтарды Ахмет хан (кей деректерде Қожа Ахмет) билепті. Ол бүкіл Алаштың емес, белгілі бір аймақтың ханы. Бәлкім Ахметтің батыс тараптағы билігі Бұйдаштың келісім-ыңғайымен орнықса керек. Өйткені ол кезеңде де қазақты бар тараптан жау қысып тұрған.

Бәрімізге белгілі, Алаш Ордасының алғашқы жаулары – бәрі мұсылман, түптеп келсек, ықылым туыс елдер. Олар – Ноғайлы, Бұқар, Моғол… Бірақ билеушілері туыстық, бірлік мұраттан гөрі жеке билікті аңсаушылар. Керек десең, қорқаулықтарымен, парықсыз-жетесіздіктерімен, ең ақыры ұлы опасыздықтарымен кейін бүкіл түркі жұртының тағдырына балта шабушылар. Міне, солар қазақты жан-жақтан талауға кіріскен. Алаш ұлының қорғайтын жері байтақ болған соң оны қорғайтын әскері де мол болуы шарт. Бірақ бір кілтипан – Бұйдаштың алғашқы билік жылдарында қазақ Қасым хан кезіндегі тұтастықтан уақытша ажырап қалған. Бұйдаш Жетісу мен Сыр, Ұлытау мен Тарбағатай аралығындағы ата жұртты қорғауға кіріссе, батыс тараптағы руларға хан танылған Ахмет Жайық-Жем бойындағы қандастарды сыртқы дұшпандардан қорғау үшін жанталасқан. Екеуі екі тарапта майдан жүргізсе де, бір мүдде үшін, яғни Алаш бостандығы үшін күреске түскен. Екеуінің арасында ортақ билік жайында келіспеушілік болса да, бәрібір, ұлы хан – Бұйдаш, Ахмет кіші хан. Екеуінің де – мұраты бір, мақсаты ортақ. Бұйдаш Ахметке өз қарауындағы жұртты жаудан хан ретінде қорғауды ұсынса керек. Сондықтан да, екеуінің екі жарылып, екі жақта майдан жүргізгенін алауыздыққа балау, оны жұрт санасына осылайша сіңіре беру – ұлт тарихына қиянат. Себебі, бір кездері жеке-жеке князьдар мен корольдар билігіне қараған, бір-бірімен талай жыл қырқысқан басқа халықтардың алауыздығы жанында VХІ ғасырдағы біздің хандарымыздың өзара келіспеушілігі түк емес.

Ахметтің батыс беттегі қазақтарға билік еткен тұсы – 1532- 35 жылдардың шамасы. Ол хан болған жылдары ноғай мырзаларымен соғысып өткен. Осы жерде Ноғайлы Ордасы өзінің туысы қазақтарға неліктен өшіккені хақында бірер сөз айтып кетуге тура келіп тұр. Күллі дүниені дірілдеткен Алтын Орда ХVІ ғасырдың басында ыдырау жолына түсіп, бұрын оған қараған иеліктер бірнеше дербес ұлыстарға бөлініп кетеді. Соның бір бөлігі болып, Алтын Орданың 1260-1306 жылдары бас әскербасысы Ноғайдың атымен аталған Ноғай ұлысы құрылады. Ірге көтерген жері – Еділ бойы, астанасы – Сарайшық қаласы. Шығысы – қазіргі Қазақстанның батыс өңірі. Билеушілері атақты Едіге бидің ұрпақтарынан сайланғанымен, оған қараған жұрттың басым бөлігі қазақ руларына жататын еді. Оның алғашқы билеушілерінің бірі Мұса би әуелден-ақ қазаққа қарсы күрес бастайды. Мақсаты – барынша кең көлемдегі жерді иемдену.

Ахмет 1535 жылы Жем бойында ноғайлармен табандасқан соғыс жүргізеді. Бірақ жеңіліс тауып, өзінің он бес ұлымен бірге тұтқынға түседі. Көп ұзамай Мұсаның немересі Орақ батырдың қолынан бәрі бірдей қаза табады. Осымен Ахмет ханның тарихтағы атқарған қызметі тәмәмдалады. Есесіне, Бұйдаш ханның ықпалы артып, бүкіл қазақтың билігіне жетеді.

Бұйдаш – Жәнібек ханның немересі, Әдік сұлтанның баласы. Тоғым өлген 1537 жылы таққа отырған. Баста айтқанымыздай, әртүрлі себептерге байланысты бірден бар қазақты құзырына қарата алмаған. Тек батыстағы Ахмет хан дүниеден өткен соң атасы қасымның жолын жалғастырып, үш Арыс өрендерінің басын бір ортаға жұмылдыруға кіріседі. Ол жастайынан соғыс өнеріне машықтанған, талай шайқастарды басынан өткерген, тіпті, Тоғым шейіт кеткен Сантастағы соғысты да көрген кәнігі сардар әрі қаһарман еді. Әлбетте, хан болмақ кісіге, ел билемек тұлғаға һәм батыр, һәм қаһарман болу аз. Ондай адамның алдымен парасаты мен пайымы, саясаты мен көрегендігі терең әрі кең болмақ ләзім. Бұйдаш хандық дәуірінде бойына осындай асыл қасиеттерді қондырған дана екендігін көрсете білді. Ахметке ажал құштырған Ноғай Ордасының бетін әлденеше мәрте қайтарады, ең қатерлі жаудың бірі – Шығыс Түркістандағы Моғолдың да бірнеше рет сағын сындырды. Бұқар-өзбек хандарымен бет қаратпай соғысады. Сөйтіп, бірде шығыстан, бірде батыс-тан, бірде түстіктен төнген жаудың шапқыншылығына айтарлықтай тойтарыс беріп отырады.

Тағдыр маңдайына мазасыз кезең берген Бұйдаш қазақтың өзінен бұрынғы һәм өзінен кейінгі хандары сияқты бар өмірін жеңісті-жеңілісті арпалыспен өткізген. Оның тарихта баса таңбаланған екі ерлігі бар. Бірі – Моғол ханы Әбдірашидтың ұлы Әбділәтіппен шайқасы. Бұл шайқас 1558 жылы өткен. Кезекті рет мол жасақ жинаған Моғол сардары Әбділәтіп аталған жылы Ыстықкөлдің шығысындағы қырғыздар мен Жетісу шегіндегі қазақтарға шабуыл жасайды. Бұдан құлақтанған Бұйдаш соңына біраз сарбаз ертіп, мол олжамен кетіп бара жатқан Әбділәтіпті қуып жетеді де, әскерін талқандап, оның өзін өлтіреді. Бірақ Бұйдаш әрекетін дер шағында естіген Әбдірашид хан көп қосымша күшпен қазақтарға шабуылдайды. Нәтижесінде саны аз Бұйдаш әскері жеңіліп, кек қайтаруды кейінге қалдырып, кері шегінеді. Алайда, Әбдірашидке қарсы кекті жорық жалғасын таппай қалады. Себебі, оған тыңғылықты дайындалып жатқанда Мәуреннахрдан аттанған Бұқардың қалың қолы Сайрам шегінен шығып, Қаратау шығысындағы Бұйдаш құзырындағы қазақтарға қырғидай тиеді. Енді Бұйдаштың Моғол жаққа мойын бұруға шамасы болмай, қолдағы әскерімен екінші басқыншыны қарсы алуға мәжбүр болады.

Екі әскер Қаратау мен Алатаудың түйісер тұсында, яғни қазіргі Жуалының батыс беткейіндегі ылдида кездеседі. Қарсы бетте Ташкент уәлаятының билеушісі Дәруіш бастаған қарақұрым қол, екінші жақта Бұйдаш басқарған қалың қазақ қосыны. Түс әлетінде басталған соғыс түнгі мезгілдерде ғана тоқтап, қатарынан төрт күнге созылады. Бұйдаш осы соғыста қатты жараланып, қаза табады. Қазақтар жеңілмесе де, хандары өлген соң соғысты тоқтатуларына тура келеді. Бір ғажабы, бесінші күні қарсы жақ та тыншып, соғысқа кіріспей, кейін шегіне бастайды. Сірә, төрт күн бойы қатарлары қатты селдіреген олар да шайқасты одан ары жалғастырудың пайдасы жоқ деп есептесе керек. Қалай болғанда да, ұрыс жалғасын таппайды.

Осылайша, 1557-1559 жылдар аралығында билік құрған Бұйдаш хан ата жорасымен шайқаста шейіт кетеді. Иә, сөйтіп, қаншама дүрбелең күндер мен сұрапыл жылдарды басынан өткерген, ешуақытта жігері жасымаған, қайраты таусылмаған, жорықпен таң атырып, күн батырған қайсар Бұйдаш ханның қастерлі есімі – халық алдындағы өз міндетін асқан қажырлықпен атқарып кеткен асыл тұлғалардың бірі ретінде тарихта қалды.

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ,
жазушы, Қазақстан педагогика академиясының профессоры

«Оңтүстік Рабат», №16, 22.04.2015