Баланың сөйлеуінде Монтессори әдісінің көмегі мол

908

Қазіргі таңда біршама балғындар дұрыс сөйлеуден қалды. Бірінің тілінің мүкісі болса, енді бірі тіпті сөйлей алмайды. Бүлдіршіндердің арасында кең таралған бұл мәселені шешуде Монтессори әдісінің тигізер үлесі мол. Аталмыш әдісті дәріптеу мақсатында Шымкенттегі «Бала би» Монтессори балабақшасында халықаралық конференция өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жекеменшік балабақшалардың тәрбиешілері қатысып, тәжірибе жинақтады.

003

Баланың қалауын ескеру, оны тыңдау. Бұл — Монтессори әдісінің негізі. Аталмыш әдіс әлемдегі 82 елде қолданысқа енгізілген. Ал біздің қалада бұл әдіс тек «Бала би» балабақшасында бар.

Людмила Никалаевна, «Бала би» балабақшасының меңгерушісі: «Жекеменшік балабақшалар мемлекет қолдауынан тыс қалуда. Соған қарамастан біз тәрбиешілерімізді шетелдерде оқытып, жаңа әдісті үйретудеміз. Былтыр өткен «Жыл тәрбиешісі» байқауында біздің ұжымның 3 тәрбиешісі жүлделі болған. Сондықтан бұл конференция бізде өтуде.»

Мамандардың айтуынша бұл әдістің тиімді тұстары көп. Соның бірі — бала өзінше шешім қабылдауға, ешкімге жалтақтамауға, өзіне және өзгелерге көмек қолын созуға үйренеді. Сондай-ақ, оның тіл мүкістігі бар балақайларға да пайдасы мол.

Бір күн бойы жаңа әдістің қыр-сырына қаныққан қонақтар Монтессори әдісінің тиімділігін мойындап отыр. Айтуларынша, енді олар да өз балабақшаларында осы әдіс бойынша жұмыс жүргізуге тырысады.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=D0cw2hsmHgA[/youtube]

Айта кетейік, Монтессори әдісінде балалар жасына қарай бөлінбейді. Керісінше, бір топта әр түрлі жастағы балалар тәрбие алады. Осылайша мамандар жасы үлкендер кішілерге көмек қолын созып, көмектеседі, баланың бойында бір біріне деген мейірімділік пайда болады дейді.