«Барлық еврей бір-бірі үшін жауапты»

Еврейлердің қазақ даласында пайда болуы VI ғасырдан басталады. Дәлірегі, бұхар еврейлері Ұлы Жібек жолының Оңтүстік Қазақстан жеріндегі күре тармақтары бойында орналасқан көне қалаларға VI-XIII ғасырларда жиі келген. Алайда, Қазақстандағы еврейлердің саны XIX ғасырға дейін өте аз болды.

14-005

XIX ғасырда Ресей империя-сының еуропалық бөлігіндегі ашкеназыларды Қазақстанға, Кавказ және Сібір жерлеріне көшіру бас-талды. Осыдан кейін олардың саны ұлғайды. XX ғасырдың басында Қазақстанда иудаизм дініндегі еврейлер саны 10 мыңнан асты. Оның басым бөлігін еуропалық еврейлер, яғни ашкеназылар құрады. Ал, бүгінде облыста 1200 шамасында еврей бар. Басым бөлігі Шымкентте тұрады. Барлық аудан орталықтарында бірді-екілі еврей отбасылар ғұмыр кешіп жатыр.

Облыста еврейлердің басын біріктірген «ХЭСЭД Полина қамқорлық орталығы» еврей қайырымдылық ұйымы жұмыс істейді. Бұл қайырымдылық ұйымы облыстағы тұрмыс жағдайы төмен еврей отбасыларына қаржылай және заттай жәрдем береді. Қамқоршысы жоқ қарттарға көмек көрсетіп, оларға күтім жасайды. Ұйымды «Джойнт» Американың еврейлік бірлескен үйлестіруші комитеті әлемдегі және Қазақстандағы бақуат еврейлер қаржыландырады.

3-сәуірде еврей қауымы орталығының директоры Белла Атранның шақыртуымен «ХЭСЭД Полина қамқорлық орталығы» қайырымдылық ұйымының кеңсесіне бардық.

14-007

Хэсэдтің еврей үшін маңызы зор. Бұл еврей қауымының үйі. Хэсэдтің есігінен кірген бетте оң жақта арнайы жәшік қойылған. Келушілер оған өз қалауынша ақша тастайды. Түскен қаражат қайырымдылық қоры арқылы көмекке мұқтаж еврейлердің қажетіне жұмсалады.

Біз барған сәтте еврей қауымы жиналып, өздерінің басты мерекелерінің бірі Песах мейрамын тойлауға дайындалып жатыр екен.

Песах мейрамы биыл 4-11 сәуір аралығында тойланады. Песах мерекесі еврейлердің Мысырдан кетуіне, перғауындардың құлдығынан босанып шығу құрметіне арналған.

Песах мейрамына әзірлік жұмыстары «хамец» затын жоюмен басталады. Хамец дегеніміз – ұнды сумен араластырып ашытып жасалған кез-келген ас түрі. Яғни, ыдыстарды сол тамақ қалдықтарынан тазарту. Ол үшін барлық ыдысты суға қайнатады. Осылайша «хамец» жойылады. Жаңа ыдыс-аяқ та сатып алады.

Людмила Резник, еврей халқының тарихы мен дәстүрі пәнінің оқытушысы, кітапханашы:

– «Джойнт» халықаралық ұйымы әр мемлекеттегі еврейлердің хал-жағдайына бақылау жүргізіп отырады. Ондағы тұрмыс жағдайы нашар еврейлерге материалдық көмек үлестіреді. Тоқсаныншы жылдары Қазақстандағы еврейлерге көмектесуге көбірек қаражат бөлсе, бүгінде бұл көмек көлемі азайды. Өйткені, бөлінетін қаражат көлемі сол елдің экономикалық жағдайына қарай белгіленеді. Еврейлерде «Барлық еврей бір-бірі үшін жауапты» деген ұстаным бар. Сондықтан да бір-біріне көмектеседі. Еврейлерде табысыңның әрбір оныншы бөлігін шіркеуге бересің деген қағида қалыптасқан. Бізде шіркеу болмағандықтан, осы хэсэдке өткіземіз.

Одан кейін маца пісіреді. Маца – ашытылмаған қамырдан пісірілген күлше. Мацаны Песах күндерінде жейді. Песах мейрамының да басты ерекшелігі осы, бұл күндері ашытылған ас түрін пайдалануға тыйым салынады. Мацаны жыл бойына сақтауға болады. Бұзылмайды.

Песах мейрамының басты оқиғасы – Седер кешін тойлау. Седер кешіне арнайы пасха асы әзірленеді. Пасха асы арнайы тәртіппен рет-ретімен орналастырылған бірнеше азық түрлерінен құралады.

Зероа – жақсылап пісірілген сүйегі бар ет, бейца – суға қайнатылған жұмыртқа, маррор – ащы дәмді көкөніс, харосет – үккіштен өткізілген алма мен ұнтақталған жаңғақ қоспасы, даршын (корица), карпас – суға қайнатылған картоп, хазерет – ұсақталып туралған ақжелек.

Песах асы әзірленген соң, жасөспірімдер ересектер алдында осы пасха асының құрамын таныс-тырып, әрқайсысының маңызын айтып берді.

Песха асы маца күлшесімен қатар желінеді. Сусын ретінде шарап пен жеміс шырыны қойылады. Седер кешінде барлығы пасха асымен тамақтанып, ересектер төрт бокал шарап ішеді.

14-004

Хэсэд үйінде тұрақты түрде «Шалом» жексенбілік мектебі жұмыс істейді. Жексенбілік мектепте балаларға еврей халқының тарихы мен дәстүрлерін оқытады. Одан бөлек балаларға хореография, музыкадан сабақ өтеді. Түрлі үйірмелерге қатысып, ой-өрісін дамытады. Иврит тілін үйрететін ұстаздың болмауынан тіл үйрету аракідік жүргізіледі.

Еврей қауымының қарттары әр жұма күні хэсэдта жиналады. Әркім үйлерінен ас-суларын, салат алып келіп, дастархан жаяды. Барлығы бірге сенбінің таңын қарсы алады.

Еврей қауымының тағы бір айтулы мерекесі, ол – Рош-а-Шана, яғни еврей Жаңа жылы. Осы бір Рош-а-Шана мейрамы күз мезгілінің қыркүйек-қазан айларында жаңа ай туған тишрей түнінде басталып, екі күн тойланады. Рош-а-Шана мейрамында әрбір діндар адам жыл бойына атқарған істері үшін өзіне және Жаратқанға есеп береді.

Еврей күнтізбесіне сәйкес биыл – 5774 жыл. Өткен Рош-а-Шана 2014 жылдың 25-26 қыркүйегінде болған. Осы жылдың 14-15 қыркүйегінде 5775-інші жыл кіреді.

Қазақстандағы еврейлердің Израиль мен Еуропа елдеріне көшуі өткен ғасырдың 80-жылдарында басталды. 90 жылдарға дейін 20 мыңдайы Израильге қоныс аударды.

Маца
Маца

Израиль үкіметі оларға материалдық көмек беріп, балаларын тегін оқытты. Бұл үрдіс қазір де жалғасып жатыр. Бүгінде Қазақстандағы еврей жастарының дені Израильге барып, тегін жоғары білім алады. Көбісі сонда тұрақтап қалады. Қазақстанға оралатындары жоқтың қасы.

Еврей халқының аза тұтып, еске алатын оқиғаларының бірі – Холокост күні. Әр жылы 27-қаңтарда Холокост құрбандарын еске алу күні өтеді. Еврей қауымы хэсэд үйіне жиналып, концлагерьдегі еврей тұтқындары киген ақ-қара жолақты киім киіп, қаза болған 6 млн азаматты еске алады. 6 шырақ жағады.

Еврей қауымының мейрамдары:

Рош-а-Шана – еврей Жаңа жылы. Биыл 25-26 қыркүйекке тура келеді.

Суккот – бұл мейрамда еврейлер жеті апта шатырда тұрады, сонда түнейді. Еврейлердің Синай жазығында адасып жүруін еске алады. Биыл 9-15 қазанға тура келеді.

Ханука – Иерусалим Храмын Маккавейдің азат етуі мен идолдан тазарту күнін еске алуға арналған. Сегіз күнге созылады. Биыл 17-24 желтоқсанға тура келеді.

Шавуот – Мысырдан кеткен еврейлерге Синай тауында Тәураттың берілгенін атап өту. Биыл 24 мамырға тура келеді.

Жәнібек НҰРЫШ

«Оңтүстік Рабат», №14, 08.04.2015