Шымкентте көпшілікке «Батырлар картасы» атауымен таныс мазарда сенбілік өтті. Мектеп оқушылары мен қоғамдық ұйымның белсенділері және шенеуніктерден құралған топ жауынгерлер жерленген жерді күл-қоқыстан тазартты.

Еске сала кетейік, мұнда Ұлы Отан соғысы жылдары Шымкенттегі госпиталда көз жұмған майдангерлер жерленген. Жауаптылардың сөзіне сенсек, бұл – биылғы соңғы сенбілік. Себебі мұнда жаңарту жұмыстары басталмақ. Содан кейін қаланың көрікті туристік аймағына айналады деп сендірді.

vlcsnap-2015-04-06-17h34m57s233

Қолдарына күрек пен сыпырғы ұстаған №30 мектептің оқушылары демалыстарын сенбілікке арнады. Осында келе сала тазалау жұмыстыран бірден кірісті. Белсенділердің қатарында қоғамдық ұйымдардың мүшелері мен шенеуніктер де бой көрсетті. Барлығы бірлесе батырлар қабырын қоқыстан тазалап, жабайы шөптерін жұлды.

Алина Фищщенко, оқушы: «Бұл – болашақ үшін күрескен, тыныштық үшін жанын қиған ардагерлерге көрсеткен құрметіміз».

Бұл жерде жеңіс үшін жанын қиған 53 батыр жерленген. Жаралы солдаттар Шымкенттегі госпиталда көз жұмған. Оның бесеуі Кеңес Одағының батыры.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=P6gQx3mBSVA[/youtube]

Мойындайтын жайт – бауырластар мазары Кеңес одағынан бері жөндеу көрмеген. Қоғамдық ұйымдар шама-шарқы жеткенше күтіп ұстап келді. Енді, міне, жылдар бойы созбалаңдыққа салынып келген көкейтесті мәселе шешімін тауып, қорық қайта жаңаратын болды. Жеңістің жетпіс жылдығы қарсаңында батырлар картасы жаңа жобаға сай жөнделмек.

Мәлік Әбдінұров, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары: «Биыл қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін 13 миллион теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстары басталып та кетті. Ол 1 мамыр күні толықтай бітеді деп жоспарлануда.»

Шенеуніктердің айтуынша, бауырластар қорымы жөндеуден өткеннен кейін қаланың көрікті аумағына айналады. Мұнда мектеп оқушылар мен қала қонақтарына арналып экскурсия жүргізіледі деп күтілуде.