Оңтүстікте білім саласындағы бірқатар былық анықталды. Атап айтқанда Арыс қалалық білім бөлімінің басшысы жұмыс өтілінде басқарушылық еңбек өтілі жоқ азаматты мектеп директоры етіп тағайындаған. Ал Төле би аудандық білім бөлімінің басшысы мектеп оқушыларын тасымалдау үшін алынған Нива көлігін өзі тақымдап алыпты. Осындай заңсыздықтарға жол берген лауазым иелерінің ісі тәртіптік кеңесте қаралды.
Балалалардың автокөлігіне жармасқан басшының ісі тәртіптік кеңестен бір-ақ шықты. Келеңсіз әрекеті әшкере болса да Сейітхан Ақтаевқа аудан әкімі тарапынан жаза кесілмепті. Ал өзі қызметтік көліктің жетіспеушілігін алға тартып, ақталды.
Басқарушылық қызмет бойынша ешқандай өтілі жоқ азаматты мектеп директоры етіп тағайындаған Арыс аудандық білім бөлімінң басшысы Амантай Байтанаев еңбек демалысына шығуына байланысты тәртіптік кеңесте төбе көрсеткен жоқ. Сыбайластыққа жол берген лауазымды тұлғаның шешімдер әзірлеу мен қабылдау кезінде заңсыздықтарға жол бергені анықталды. Алайда арызданушы тарап оны шарасыз қалдырмауға бекінген.
Мақтаарал аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Айтбай Тілесов ұжымда моральдық-психологиялық ақуалды ушықтырып алғаны үшін тәртіпке шақырылды. Қарамағындағыларды балағаттауға дейін барған басшыдан қағажу көрген қызметкерлердің жылағанда етегі жасқа толады.
Ал білдей ауданның мәдени саласын басқарып отырған басшы судан таза, сүттен ақпын дейді. Қызметкерлерді тек жұмыстағы олқылықтары үшін сөккеніме айыптымын деп отыр.
Тәртіптік кеңес мүшелері заңды белден басқан мемлекеттік қызметкерлерге қатаң ескерту жасады. Ал тәртіпке шақыру үшін жергілікті билік өкілдеріне ұсыныс берді.