Чернобыль апатына 29 жыл толды

1306

Биыл Чернобыль атом элекр станциясында болған қайғылы жағдайға 29 жыл толып отыр. Арада осынша уақыт өтсе де оқиғаның жаңғырығы естен шығар емес.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=WBowmutMhTg[/youtube]

Жылдағы дәстүр бойынша Чернобыль апатын залалсыздандыру жұмысына қатысқандар бас қосып, қайғылы сәтте зардап шеккен жолдастарын еске алды. Кездесуге жастар да қатысып, ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойды. Айта өтейік, Оңтүстікте Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан 500-ге жуық азамат бар.

Жыл сайын 26 сәуір күні бас қосатын бұл азаматтар Чернобыль апаты зардабын жоюға қатысқан. Осыдан 29 жыл бұрын Қазақстаннан 35 мыңнан астам адам Чернобыль апат салдарын жоюға жіберіледі. 1986-1990 жылдары әскери борышын өтеуге аттанғандар да залалсыздандыру жұмыстарына атсалысты. Ол кезде өткір сәуленің зиянын бейхабар әр адам азаматтық борышына адал болды.

Кәрімжан Бақыбаев, Чернобыль апаты зардабын жоюға қатысушы: «Мен ол кезде Киевте әскери борышымды өтеп жүргенмін. Апат орнында бірінші болып жоюға кіріскен едік. Жаспыз, зардабы туралы ешнәрсе білмедік. Кейін сезіндік, аяқ-қолымыз сыздайтын болды. Қаншама құрдастарымыз опат болды. Жүректе қалған жара мәңгі жазылмайды».

1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль қаласында атомды энергияны пайдалану тарихында мыңдаған адамның өмірін қиған ең ірі апат орын алды. Өздерін құрбан ете отырып Чернобыль апатынның зардабын жоюға 800 мың адам қатысты. Олардың көпшілігі денсаулықтарынан айрылды және өмірін қиды.

Соның ішінде оңтүстікқазақстандықтарда апат ошағы отын сөндіруге қатысты. Жылдан-жылға Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқандардың саны азайып келеді. Қазіргі кезде Қазақстан бойынша осынау апатты жоюға қатысқан 4000 адам бар. Олардың көбісі емделуі күрделі сәуле ауруларына шалдыққан.

Көзі тірілері апаттың зардабынан өмірден өткен жора-жолдастарын еске алды. Сол бір жылдардан сыр шертті. Жастарды Отан алдындағы борышына адал болуға шақырды. Әскердегі қатарластарымен жиі кездесіп тұратын олар мемлекеттің өздеріне жасап отырған жақсылығын тілге тиек етті.

Әбуқасым Сапарымбетов, Чернобыль апаты зардабын жоюға қатысушы: «Бұл – мейрам емес, қаралы күн. Біз Кеңес Одағын ғана емес, бүкіл Европаны апат зардабынан құтқардық. Әскери борышын өтеп жүрген жас азаматтар өз денсаулығын аямады. Елдің амандығы үшін барын салды. Бізге егемендік алғаннан кейін ғана көңіл бөліне бастады, жәрдемақымыз көтерілді. Мемлекет назар аударды, бұл да болса Елбасының көмегі деп едім.»


Чернобыль қасіреті ядролық радиацияның әсерінің жағымсыз салдарларын естіп-білген қазақстандықтар арасында әлі күнге дейін ауыр қабылданады.