Жайна Шекербек, Азия ойындарының чемпионы, боксшы
Жайна Шекербек,  Азия ойындарының чемпионы, боксшы
Жайна Шекербек,
Азия ойындарының чемпионы, боксшы

– Күні кеше басталған ел чемпионатында  сенің де бағыңды сынайтыныңды білеміз. Дайындық қалай? 

– Әлбетте жақсы. Тек бұл додаға емес, барлық жарыстарға ерекше дайындық жүргіземін. Кез келген спортшы қандай жарыс болмасын тек жеңіс тұғырынан көрінуді мақсат тұтады. Мен де ел чемпионатында жеңістен дәмелімін. Жерлес боксшылардың қарқыны жаман емес. Бірге жаттықтық. Бокстан әйелдер арасында өтіп жатқан чемпионатта кемінде 2 алтын мен 2 күміске қол жеткізіп, жалпы командалық есепте 1-орыннан көріну біздің меже болып отыр. Бәлкім одан да көп жүлдеге қол жеткізіп қалармыз. Себебі біздің облыс құрамасы бұрынғыдай емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын оңтүстікте боксшы қыздар саусақпен санарлық болатын. Қазір әр салмақ дәрежесінде бірнеше нәзік жандылар өнер көрсетіп жүр. Солардың ішінде Севара Таджикулова, Нұржанат Елубаевалар бокс әлемінде өздерінің есімін қалыптастырып үлгерген боксшылар.

– Бұдан өзге қандай жарыстарда ел намысын қорғамақсың? 

– Қыркүйек айында Азия чемпио-наты өтеді. Сол додада лайықты өнер көрсетемін деген сенімдемін. Мұнан соң келер жылы Астана қаласында әлем чемпионаты өтеді деген жоспар бар. Онда Рио-де-Жанейро олимпиадасының лицензиясы сарапқа салынбақ. Бұйыртса, сол чемпионатта жолдама алуды көздеп отырмын.

– Нәзік жандылардың алаңға шығып, жұдырықтасуына халықтың көзі енді үйреніп келеді. Дегенмен, неліктен спорттың дәл бокс түрін таңдадың?

– Мен бала күнімнен спортқа жақын болып өстім. Ауылда туып-өскендіктен спортпен кәсіби түрде айналысуға мүмкіндік жоқ-тын. Себебі спорттық үйірмелер болмады. Мектепте баскетболмен шұғылданып жүрдім. Теледидар арқылы аты әлемге әйгілі бокс шебері Мұхаммед Әлидің қызы Лейланың шаршы алаңдағы жекпе-жектерін көріп, қызыққанымды жасырмаймын. Өзім де сол секілді қолыма қолғап кигенді армандайтынмын. Әрине, оның бәрі мен үшін балалық арман ғана болып көрінді. Кейін 9-сыныпты бітірген соң Шымкентке келдім. Осында колледжде оқуға түстім. Заң саласын таңдадым. 1-курс оқып жүргенімде жаттығу залына барып, кикбоксинг үйірмесіне жазылдым. Неге екенін білмеймін спорттың сол түрі жаныма жақын көрінді. Бұл 2007 жыл болатын. Ата-анам менің бұл қадамымнан хабарсыз. Кикбоксингпен шұғылдана бастаған жылы-ақ облыстық деңгейде өткен жарыста 2-орын иелендім.  Мойныма медаль тағыла салысымен бірден ауылға жол тарттым. Ата-анам қуанышыма ортақтасып, баталарын берді. 2009 жылы бірыңғай боксқа ауыстым.

– Бұл шешіміңді айналаңдағылар қалай қабылдады? Мәселен құрбыларың… Себебі студенттік шақта көпшілік сайран қуып,  тәтті естеліктерге толы етіп өткізуді мақсат тұтады….

– Несін жасырайын,  «спортты қоя салсаң қайтеді?» деген сияқты ұсыныстар айтылмай қалған жоқ. Тіпті «оқуыңа кері әсерін тигізеді ғой» дейтіндер де табылды. Бірақ, менің табиғатым спортқа жақын. Жаным қалаған іспен айналысу – өмірлік қағидам болды. Әлі де сол ұстаныммен келе жатырмын. Білім алып жүріп, жаттығудан еш қалмадым. Меніңше бір күн жаттығусыз қалсаң, сол уақытқа дейін еткен еңбегің текке кететін сияқты көрінетін.

– Жайна, қарап отырсам, 8 жылдан бері спорттан қол үзбепсің. Шыныңды айтшы, осы жылдар аралығында бәріне қолыңды бір сілтеп, залдан кетіп қалғың келген кездер болды ма?

– Бұл сұрақтың төркінін түсініп отырғандаймын. Иә, бокс – ауыр спорт түрі. Оған тек күш емес, шыдамдылық, сабырлық керек. Бәлкім сізге өтірік болар, бірақ 8 жылда спорт залдан кету туралы ой мүлдем мазаламапты. Жаттығу залы – менің екінші үйім. Өз үйінен безген адамды көрдіңіз бе? Оның үстіне адамды жеткен жетістігі ынталандыратыны тағы бар. Осы уақытқа дейінгі жарыстарда көрсеткен нәтижелерімнің арқасында боксқа деген махаббатым артпаса, кеміген жоқ. Мейлі тәуліктеп уақытыңды залда өткізсең де спортта таза еңбексіз жемісі де, жеңіс те болмайды.

– Бокста төрешілердің бүйрегі алаң иелеріне жиі бұрып, әділетсіз шешім шығарады деген ұғым қалыптасқан. Сен мұнымен келісер ме едің? 

– Жүз пайыз қосыламын дей алмаймын. Бірақ кейде жеребе тастау рәсімінде оң көзқарас танытатын кездер болып тұрады. Сонымен қатар кейде спортшының бұған дейінгі жетістігі де назарға ілігіп, оң әсер етеді. Мысал ретінде жерлесіміз Біржан Жақыповтың қытайлық Зоу Шиминмен өткізген кездесуін алайық. Қазақ спортшысының соққысы жойқын болғанымен, Шиминнің атағы Біржандыкінен асып тұрды. Өз пікірім бойынша төрешілер Шимин олимпиада, Әлем чемипионы болғандықтан қытайлыққа бүйрегі бұрған сияқты.

Алаң иелерінің көптеп жүлде алуын тек төрешімен байланыстыруға тағы болмайды. Өйткені өз елінде өнер көрсету кез келген спортшы үшін жігер сыйлайды. Қазақта «өз үйім – өлең төсегім» деген бар емес пе? Отандастарының, жанкүйерлердің  қолдауы ерекше күш сыйлайды. Сонымен қатар намысты да бірінші кезекке қоясың. Әрине, мен мұныммен өзге елде додаға түскен спортшыда намыс болмайды дегім келіп отырған жоқ. Бәрі де тәжірибеге байланысты. Физикалық, психологиялық дайындық керек. Бапкердің біліктілігі де аса рөл ойнайды.

– Бапкер демекші, жаттықтырушың кім? 

– Облыс құрамасына Алмас аға бапкерлік етеді. Ол әйелдер арасындағы бокста жұлдызы жарқырап, топ жарып жүрген Аида Арапбайды жаттықтырған. Ал өзімнің жеке бапкерім – Виктор Ничай. Бірыңғай боксқа ауысқалы бері сол кісі жаттықтырып келеді.

– Күніне қанша уақытыңды жаттығуға арнайсың?

– Бапкерім КСРО заманының тәрбиесін алған адам. Талабы жоғары. Менен күніне екі рет жаттығу жасауымды талап етеді.  Шамамен төрт сағаттай уақытым бокс залында өтеді. Ал құрама түгел жиналып, белгілі бір жарысқа қызу дайындық кезінде күніне үш реттен жаттығу жасаймыз.

– Соңғы сұрақ, «қыз мұраты – кету» деген бар. Қай күнге жоспарлап отырсың? Әлде өмірлік серігің болатын адамды әлі кездестіре қоймадың ба? 

– Көпті осы сұрақ мазалайды (күліп). Әрине, тұрмысқа шығып, жар атану, ана бақытын сезіну кез келген қыз баласының басты арманы ғой. Шаршы алаңда қолыма қолғап киіп, қарсыласыммен жұдырықтасқаныммен, өмірде нәзіктік қалпымды жоғалтқаным жоқ. Ал тұрмысқа шығу мәселесіне келсем, дәл мына күні ұзатыламын деп кесіп айта алмаймын. Сөз байласып, уәделескен жігітім де жоқ. Дегенмен әр адамның өзінің ішкі жоспары болады емес пе?! Риода өтетін олимпиададан кейін бәлкім жар атанып қалармын. Дәл қазіргі арманым 2016 жылы олимпиада ойындарында елдің намысын қорғау.

– Болашақ жарыңды көз алдыңа қалай елестетер едің?

– Мен үшін сыртқы сымбаттылықтан гөрі, ішкі сұлулық маңызды. Адамгершілігі жоғары азамат қыз баласын ешқашан ренжітпейді. Сонымен қатар спортты түсінетін жанның болғанын қалаймын. Мен өмірімнің талай жылын спортқа арнадым. Сондықтан да одан қол үзгім келмейді. Бәрі де уақыт еншісінде. Қыз баласы спорттық  карьерасын ерте тәмамдауы тиіс екенін де жақсы түсінемін.

– Ендеше арманың орындалсын. Елдің туын байрақты бәсекелерде желбіретіп жүруіңе тілектеспіз!

Әңгемелескен – Жансая Тәуекелқызы