Мақтааарал ауданындағы Қарой елдімекенінде жаңа мектеп пайдалануға берілді. Абуабдулло Рудаки есімі берілген жалпы орта білім ордасы 300 оқушыға лайықталған. Осыған дейін өз үйлерінде оқытылып келген балалар енді заманауи талапқа сай салынған ғимаратта білім алатын болады.
Оқу жылының соңғы айларында есігін айқара ашқан аралас мектепте қазақ және тәжік тілдерінде білім беріледі .Шәкірттерді еңбекке баулуға арналған арнайы бөлмелер, лингофондық кабинет, интерактивті тақтамен жабдықталған сынып бөлмесі заманауи талап сай.
Мерзімінен бір ай бұрын пайдалануға берілген нысан құрылысына 500 млн теңге жұмсалыпты. Жаңа білім ошағынан кітапхана, спорт, акті залдары қаралған. Мұнда шәкірттердің бірнеше спорт түрімен айналысуына жағдай жасалған.
Жоғары сынып оқушысы Зарина Иримбаева сыныптастармен бірге информатика дәрісін бұдан былай кең әрі жарық соңғы талапқа сай жабдықталған оқу бөлмесінде өтетін болады. Осыған дейін үйінде білім алып келген шәкірттер қиын күндердің артта қалғанына қуанады.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=-KqzMCwWoQo[/youtube]
Айта кетейік былтыр апатты деп танылған ескі мектеп сүріліп, небәрі бір жылға жуық уақыт ішінде қос қабатты білім ордасы бой көтерді. Жауаптылар сөзіне сенсек, Мақтаарал ауданындағы 4 апатты мектептің 3-уінің мәселесі биыл шешімін тауып, төртінші мектеп келер жылы салынатын болып отыр.