Келес ауданында тағы 5 жаңа мектеп салынады

56

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданында жартыжылдықта атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Халықпен кездесу барысында әкім өңірге тартылған инвестиция көлемі жайында баяндады. Сонымен қатар, ауданда жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының жайы туралы айтты.

Биыл Келес ауданының қайта құрылғанына 5 жыл. Бұл аралықта өңірдегі автомобиль жолдарына асфальт төсеу жұмыстары, сапалы ауыз су мәселесі, медициналық нысандар салу, ауданға инвестициялық жобалар тарту кезең кезеңімен жүзеге асып келеді. Мұның барлығы жергілікті халықтың сапалы өмір сүруіне жағдай жасайды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Жалпы өңірлік өнім көлемі 2022 жылдан бері 44 пайызға өсті, былтыр 100 млрд. теңгеге жетіп отыр. Биыл 6 айда бұл көрсеткіш 30 млрд. теңгені құрап, 9 пайызға артты. Жалпы өңірлік өнім құрылым бойынша былтыр 61 пайызы ауыл шаруашылығына, саудаға 25, құрылысқа 6, өнеркәсіпке 8 пайызы тиесілі. Құрылыс жұмыстарының көлемі соңғы 3 жылда 30 пайызға өсіп, былтыр 10 млрд. теңгеге жетті. Биыл 1,5 млрд. теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылды».

Биыл аудан аумағында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңадан 5 мектеп салынады. Бұдан бөлек, Ескіқорған, Жуантөбе елді мекендерінде 300 орындық мектептердің құрылысы келесі жылы басталып, 2025 жылы пайдалануға берілетін болады. Айта кетейік, соңғы 3 жылда Келес ауданында 8 кіші футбол алаңшалары салынды. Биыл Абай ауылында құны 1,8 млрд. 600 млн. құрайтын спорт кешенінің құрылысы басталды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Мемлекет басшысының  арнайы тапсырмасымен облыста «Жайлы мектеп»  пилоттық жобасы іске асуда. Президент тағы бір осындай жоба іске асыруды тапсырған болатын. Облыстар бойынша бұл жоба өте маңызды. Себебі бізде демография өсімі жоғары және де жастарымыз көп. 916 мыңға жуық кәмелетке толмаған балаларымыз бар. Міне осындай өңірге бірінші кезекте  жайлы мектептердің құрылысы бойынша өзекті болып тұр».

Кездесуде облыс әкімі келестіктердің ұсыныс тілектерін тыңдап, сауалдарына жауап берді. Осы лектегі іс – шараларды басқа аудан, қалаларда өткізу жоспарда бар.