– Нұржан, сіз спорт пен билікте танымал адамсыз. Бірақ, соңғы кезде ел сізді жоғалтып алды. Қазір қайда жүрсіз?
– Шымкенттен алыс кете қойғаным жоқ. Осында тұрып жатырмын. Мен кәсіби тұрғыда үш мамандық иесімін. Оның алғашқысы — экономист, екіншісі – заңгер. Үшінші мамандығым спорт саласымен байланысты.
Мемлекеттік қызметтен кеткен соң кәсіпкерлік саласын қолға алдым. Бизнесім өркендеп, қанатымды кеңге жайып үлгердім деп айта алмаймын. Қазір мен үшін табысты арттыру басты мақсат болып отыр. Әрине, «дүние қолдың кірі» деген бар. Ешкім мүлкін өзімен арғы дүниеге алып кетпейді.
Болашақта жоспарлар көп. Жайлап жұмыс жасап жатырмын. Нәтижесін біле жатарсыздар.
– Көбі сізді Шымкенттің экс-әкімі Арман Жетпісбаевтың командасынан деп біледі. Бәлкім бұл сізді қызметке сол кісінің тағайындап, басшылық қызметтен өзі кеткен соң сіздің де биліктен кетуіңізбен байланыстырғаны болар…
– Айтпақ ойыңызды түсініп отырғандаймын. Рас, Арекең маған сенім білдіріп, қалалық спорт бөліміне басшы етті. Ол кісімен бірнеше жыл жемісті жұмыс жасадық. Оған халық куә. Мектептер саны мен спортшыларымыздың бағындырған белестері артты. Спорт саласына бөлінетін қаржы бірнеше еселенді. Кез келген жұмыс бірінші басшыға тікелей байланысты. Өз ісінің маманы болып табылатын басшы қызметкерлеріне жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Өзім Арекеңмен бір командада жұмыс жасағаныма қуаныштымын. Бірақ, өмір болған соң бәрі де болады ғой. Ол кісі қызметтен кеткен соң орнына жаңа әкім келіп, қудалау басталды. Рас, мен сол кезде-ақ жұмыстан өз еркіммен кеткім келген. Тіпті арызды да жазғанмын. Тек мені жібермеді. Сөйтіп әлдекімдердің бұйрығымен мемлекет қаржысын талан-тараж етті деген айып тағылды. «Шаш ал десе, бас алатындардың» кесірінен қылмыстық іске еш қатысым жоқтығын дәлелдеу үшін 1 жыл соттасып жүрдім. Жанымды жейтіні — мені елдің алдында «жемқор» атандырғысы келді. Мен іс жабылған соң орныма қайта отыруыма да болатын еді. Бірақ олай жасамадым. Бастысы, айналамда жүргендер менің қандай екенімді жақсы біледі. Алланың алдында арым таза.
– Шенеунік орынтағын сағынбайсыз ба?
– 2008-2012 жылдар мен үшін өзіндік естеліктерге толы кезең. Шама-шарқым жеткенше қала спортын дамытуға үлес қостым. Мен бөлім басшысы болып жүрген кезде біздің ұйымдастыруымызбен айына 15-20 іс-шара өтетін. Барлығының басы-қасында жүру — біздің бөлімнің міндеті. Ол да өзінше қызық. Тіпті сенесіз бе, мен таңертең жұмысқа келгеннен бір күндік кесте түзіп, сол бойынша жұмыс жасайтынмын. Кез келген істі қызығушылықпен, аса ынта-жігеріңмен жасағанға не жетсін.
– Демек «аузы күйген үрлеп ішеді» дегенді ұстанатын болдыңыз ғой, әлде…
– Бүгін-ертең мемлекеттік қызметке қайта кірісемін дей алмаймын. Оның үстіне өз жоспарымды түзіп қойдым. Енді соған жету керек. Әрнәрсенің басын бір шалып, уақыт жоғалтатындардың қатарынан емеспін. Жоспар, мақсат, арман – міне, осы үшеуінің арқасында өмір сүріп келемін. Ата-анамның, ұл-қыздарымның, жұбайымның алдындағы жауапкершілік бірінші кезекте. Басыма күн туғанда теріс айналғандар болды. Талай қиын кезеңді де өткердім. Енді аяқтан тұрғанда менен теріс айналғандар қайта араласқысы келіп жүр. Міне, көрдіңіз бе, ақша адамға не істетпейді?! «Адамның кім екенін білгің келсе, дүние мен билік бер» деген бекер айтылмапты.
– Қазақ боксының болашағын қалай елестетер едіңіз?
– Бүгінде біздің ұлттық құраманы жерлесіміз Мырзағали Айтжанов баптап жүр. Ол өз ісінің нағыз шебері. Әлемге есімі танылған талай боксшыларды тәрбиелеген. Елдегі нөмірі бірінші бапкер. Есімі тарихта алтын әріппен жазылып қалатынына күмәнім жоқ.
Ел боксының ахуалы бұрынғыға қарағанда біршама жақсарған. Болашақта да дами беретініне сенемін.
– 15 жасыңызда КСРО, 16 жасыңызда халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандыңыз. Ал 23-іңізде елге «Еңбегі сіңген» спорт шебері деген атқа лайық деп танылдыңыз. 20-30 жылдан бері өзін спортқа арнаған кей саңлақтарымызда мұндай атақ жоқ. Әлі күнге дейін жолы болмай жүргендер қаншама. Айтарыңыз бар ма?
– Ғұмырымның 15 жылын спортқа арнадым. Бұл салаға келуімнің өзі қызық болған. Ауылдың баласымын. Бос уақыттың бәрі көшеде өтті. Бірде өзімнен алты жас үлкен ағам ауылдың баласымен төбелесесің бе деп ұсыныс айтты. Қолға бокс қолғабын кию бәрімізге қызық. Өмірімде алғаш рет қолғапты киген сәтім де сол еді. 6-7 жастамын, ал менің қарсыласым менен 2-3 жас үлкен. Сөздің шыны керек, қарсыласыма есе жіберіп, жылап қалғаным бар. Содан кейін ағам бокстың алғашқы әліппесін үйретті. Кейін әкемнің қызметіне байланысты Шымкентке қоныс аудардық. Осында үйірмеге жазылып, жаттығуды бастап кеттім. Сұрақтан кішкене ауытқып кеттім-ау деймін (күліп). Өткенді қозғап отырған соң есіме түсіп кетті. Бәрі де күні кеше болған секілді көз алдымда екенін жасырмаймын. Соңымнан ерген інілеріме айтарым, тек қана еңбек қажет. Шыдамдылық, сабырлық керек. Қандай жағдай болмасын, осы жолды таңдадың ба, шыдай біл.
Елдің намысын қорғау – үлкен жауапкершілік. Ал жеңіліске тап болсаң, орны толмас өкініш екенін кез келген спортшы жақсы түсінеді. Қарсыласыңнан таяқ жеп қалғаның үшін емес, елге қалай қараймын деген намыс алауы кеудеңде лаулайды.
Бокс – жан-жақтылықты талап етеді. Тек соққы емес, жылдамдық, күш, қулық та керек. Мықты психолог та болуға тиіссің. Қарсыласыңның әр қимылын бақылап қана соған қарай шабуыл жасай аласың. Шүкір деп айтайын, бізде бойына жан-жақтылықты сіңірген боксшыларымыз жетерлік. Алдағы Олимпиада ойынында қоржынымыз кемінде екі алтынмен толығады деген үміттемін. Еңбектің жемісі – жеңіс екенін ұмытпау керек.
– Спорт залға жиі барып тұрасыз ба?
– Әрине, бокс қолғабын шегеге ілгеніммен, залдан ұзай қойғаным жоқ. Қол босаған сәтте міндетті түрде жаттығу залынан табыламын. Спорт жаныңа рахат сыйлап, күйзелістен арылуға септігін тигізеді. Кейде ашуға булыққан сәтімде залға тартып кетіп, «грушаны» ұрып-ұрып, ашуды шығаратын әдетім бар. Сондай-ақ дене пішінді бірқалыпта ұстауға да жаттығудың пайдасы көп.
Джеки Чан, менің өмірдегі кумирім, жақында ғана 60 жасқа толды. Түріне қарасаң, мүлдем жас көрінеді. Міне, көрдіңіз бе, спорт барлық жағынан пайдалы.
– Өз перзенттеріңіз де ес біліп қалды. Спортқа деген көзқарастары қалай?
– Үлкен ұлым Олжас 7-сыныпта оқиды. Футболға қызығады. Кішім ұлым Алмастың да спортқа ебі бар.
Мен ұлдың тәрбиесіне келгенде өте қатал әкемін. Ұл бала міндетті түрде физикалық тұрғыда жігерлі болып өсуі керек. Сол себептен ұлдарымды демалыс сайын нағашыларының ауылына жіберіп тұрамын. Бәріміз де ауылдың шөп ору, мал бағу секілді қара жұмысымен өстік. Жаман болмадық. Балаларымның қаланың кейбір әлсіз ұлдары секілді ақсүйек болғанын қаламаймын. Ал қыздарым спорттың белгілі бір түрімен айналысатын жас-та емес. Перзенттерім қай саланы таңдаса да үнемі қолдау көрсетемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен – Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №14, 08.04.2015