Шымкенттегі оқушылар сарайы — үздіктердің үздігі. Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі республикалық қосымша білім беру, оқу-әдістемелік орталығы ұйымдастырған байқауда қаламыздағы бұл мекеме ерекше марапатқа ие болды. 30 жылдан аса тарихы бар балалармен жұмыс жасайтын орталық «Қосымша білім беру жүйесінің алтын қоры» кітабына енгізілген.
Айта өтейік, оқушылар сарайы — бұл кітапқа енгізілген облыстағы жалғыз мекеме. Бірнеше жыл бойы атқарылып жатқан жемісті еңбек пен нәтижесі ескеріліп, осылайша лайықты бағасын алған.
Сонымен қатар байқауға сарайдағы мұражай жетекшісі Айткүл Есімханова мен мектеп жастары қауымдастығының жетекшісі Балиха Сапарбаева да қатысып, дәл осы кітапқа есімдері еніпті. Ал кітап Астанадан наурыз айының соңында жеткізілген.
Бүгінде оқушылар сарайында 97 үйірме жұмыс жасаса, 4200-дей бала түрлі сала бойынша өздерін жан-жақты дамытып, уақыттарын тиімді өткізуде. Айтпақшы, мекеме сәуір айынан бастап Оқушылар сарайы деп аталуда. Бұрынғы атауы қалалық балалар және жасөспірімдер орталығы болатын.