15 сәуір — Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу күні. Осы мерекелік датаны М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері ерекше тойлады. Жоғарғы оқу орнының ғашықтары арасында өнер сайысы өтті. Ұйымдастырушылар мереке кейіпкерлеріне қойылатын талап жоғары болды дейді. Байқау шарты бойынша үміткерлер өздерін таныстыру, сұрақ-жауап, көрініс және өз өнерлерін паш ету сынды кезеңдерден сүрінбей өтулері тиіс.
Бұған қоса үміткерлер қызықты шоу-бағдарлама ұсынуы қажет. Айта кетейік, сайысқа 14 жұп жолдама алды. Жеңімпаздарға оқу орнының басшылығы тағайындаған арнайы сый тапсырылады.
Ғазиза Ізтай, М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенті: «Әрине, сахнада қобалжыдым. Біз Нұржан екеуміз — ғашықтар емес, адал достармыз. Сондықтан сахнада ғашықтың рөлін сомдау аздап қиын болды. Бірақ, досым маған көмектесті. Менің ойымша, бүгінгі мерекелік шарада мен ғашығымды кездестіремін. Бұл — менің ниетім».
Нұржан Медеубаев, М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенті: «15 сәуір — Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күні. Мұндай мерекенің біздің қоғамға енгізілгені өте жақсы болды. Негізі, мен де, менің достарым да осы мейрамды асыға күтіп, тойлаймыз. Әлі күнге ғашығымды кезіктірмедім, бірақ алдағы уақытта жолықтырып, мәңгілік бақытты боламын деген сенімдемін».