Күнгейде алаяқтар көбейген. Жыл басынан бері облыстық соттың қарауына осындай 120-дан астам іс түсіп үлгеріпті. Осылай деп дабыл қаққан судьялардың айтуынша, өзінің тапқан-тергенін өзгеге қалай беріп қойғанын білмейтін жандар әлі де азаймай отыр. Осы тұста қазіргі алаяқтар адамның сеніміне кірудің жаңа жолдарын меңгерген деуге болады. Солардың кейбірі өміріндегі ең жақын адамы — анасының атынан ант-су ішуге дейін барыпты.
— Бір азамат жол-көлік апатын жасайды. Кінәлі болғандықтан, екінші тарапқа қомақты ақша қарыз болып қалады, — дейді облыстық соттың судьясы Ыбырай Мәтібаев. — Осы ақшаны табу үшін танысынан 1 миллион теңге сұраған. Ол үшін анасының жол апатына ұшырағанын, аяғына ота жасауға қажет екенін айтып, алдаған. Танысы оған миллион теңге береді. Арада біраз уақыт өткен соң алаяқ жаңағы танысынан тағы да бір миллион теңге сұрапты. Бұл жолы анасының аяғына протез алу үшін ақша таппай жүргенін айтыпты. Танысы тағы да сұрағанын берген.
Екі рет қомақты ақшаны алған соң алаяқ іізім-ғайым жоғалады. Оны іздеген жәбірленуші үйіне барса, анасы аман-сау алдынан шыққан.
Ал тағы бір жағдайда Шымкенттің тұрғынын мешітке бірге барып жүрген танысы алдап кеткен. Айта кету керек, алаяқтарға қатысты істер көбінесе шартты жазамен аяқталып жатады.
Бұған қоса, судьялардың айтуынша, соңғы уақытта кісі өліміне қатысты істерді қарау барысында кесілетін жазаны қатаңдапты. Енді қандықол қылмыскер тек түрмеге қамалып қана қоймай, марқұмның туыстарына ірі көлемдегі өтемақы да төлеуі тиіс. Бұл өтемақының сомасы 900 мың теңгеден 2 миллион теңгеге дейін жетеді.
Бұған қоса кісі өлтіргіш жерлеуге қатысты шығындарды да өз мойнына алады. Бұл қаржы айыпталушыға кесілген үкім заңды күшіне енген соң бірден өтелуі тиіс.