Елімізге белгілі бапкер, боксшы Әбдісалам Нұрмахановты еске алуға арналған халықаралық турнир биыл 155 боксшының басын қосты. Қазақстанның өзінен 14 команда және Өзбекстан, Қырғызстан және Моңғолиядан спортшылар келді. Бес күнге жалғасқан доданың қорытындысы бойынша жерлестеріміз үш алтын медаль жеңіп алды.
155 боксшының арасынан ақтық кездесуге Оңтүстіктің бес спортшысы ғана шыға алды. Он салмақ дәрежесінде өтіп жатқан сынақтың бесеуінде алтыннан алқа тақсақ деген жоспар орындалмай, шымкенттіктерге үш алтын медаль бұйырған екен.
Орта салмақтағылар арасында Ахмет Момбеков бірінші болып Оңтүстікке алтын медаль алып келді. Содан кейін ринг төрінде жерлесіміз Нұрлан Нұрсейітов пен алматылық Али Нұрматов бас жүлдеге таласты.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=YXTAP_9FvdQ[/youtube]
Алғашқы минуттан бастап-ақ Нұрланның мықтылығы байқалады. Алайда алматылық қонақ Али да осал емес екенін дәлелдемек ойда. Үш раунд жұдырықтасқан боксшылар тоғызыншы минутта ғана жеңімпазды анықтады. Ол — шымкенттік Нұрлан Нұрсейітов еді.
Әдеттегідей ауыр салмақтағылардың жекпе-жегі жанкүйерлердің көңілінен шықты. Тартысты өтіп, қос боксшы да үш раунд бойында шеберлік танытуға тырысты. Нәтижесінде 81 келілер арасында Абзал Құттыбаев бірінші орыннан көрінді.
Мұхтархан Ділдабеков, ОҚО бокс мектебінің директоры: «Бұл жарыс — Оңтүстіктегі бокстан өтетін жарыстардың арасында өз орны бар ірі халықаралық турнирлердің бірі. Келесі жылы бұл доданың шеңберін кеңейтіп, алыс шетелден боксшылар шақырсақ деген ниетіміз бар.»
Нәтижесінде Оңтүстіктің қоржынында үш алтын, екі күміс медаль салынды.