21 сәуір — кітап және авторлық құқық күні. Кітап оқырмандары бұл күні облыстық «Отырар» кітапханасына жиналып, атап өтті. Мерекелік шара аясында әрдайым авторлар мен оқырмандырдың басын қосып, шығармаларды етене таныстыратын «Оқырмандар отауы» клубы да 10 жылдық мерейтойын тойлады.
Көпшілік мұнда жиі жиналады. «Оқырмандар отауында» авторлармен тілдесіп, еңбектерімен етене танысу үшін. Клуб мүшелерінің айтуынша, олар 10 жылдан бері әдебиет әлеміндегі шытырман мен кейіпкерлерді осында білді. Жан-дүниесіне үңілді. Қаламгердің ойын ұқты.
Кенжегүл Ілеубаева, оқырман: «Мен 4 жылдан бері осы клубтың мүшесімін. Біз мұнда Мархабат Байғұт, Мұхтар Шаханов сынды қаламгерлермен кездесеміз, сыр-сұхбат жүргіземіз. Кітаптағы кейіпкерлер турасында сұрап білеміз. Сайып келгенде, «Оқырмандар отауы» клубы біздің әдебиетке деген сүйіспеншілігімізді оятты».
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=3BEFhJ4XxSQ[/youtube]
Оқырмандармен жиі сырласып, жаңа еңбектерін де алғаш осында келіп, өзі таныстыратын қаламгерлердің бірі — Сәрсенбек Сахабат. Бүгінде 20 кітап жазған. Тарихи ғылыми мақалалар мен жыр жинақтардың авторы. Жазушының айтуынша, 16 жылдан бері қаламға ден қойған. Осы уақыттың ішінде шығармаларына көз жүгірткендер де кездесіпті.
Сәрсенбек Сахабат, жазушы: «Талай аударма кітаптар жаздым ғой, сол кезде менің еңбектерімді пайдаланып, оның атын жамылған кісілер болды. Белгілі профессор да болды, оның атын атап, түрін түстемей-ақ қояйын. Мұндай жағдайлар орын алатыны жасырын емес. Сондықтан әрдайым еңбектерімдегі авторлық құқығымды қорғап келемін».
«Отырар» кітапханасында жергілікті қаламгерлердің кітаптарын қоса есептегенде кітап қоры 360 мыңнан асады. Оның 45 пайызын көркемдік әдебиеттер құрайды екен. Қалған бөлігі — салалық, мерзімді басылылым мен сандық жинақтар еншісінде. Осы тұста айта кету керек, кітапхана сирек кездесетін кітаптармен де толығып отыр. Әзірге олардың саны 3000-ға таяды.
Асылзат Арыстанова, облыстық «Отырар» кітапханасы директорының орынбасары: «Кітап қоры артып жатқанымен, оны жинақтау бізге оңайға түсіп жатқан жоқ, ауыл-ауылды аралап, сұрастырып, іздестіріп жүріп тауып жатырмыз. Бірі кітапты қуана берсе, екіншісі кітапты тіпті ұстатпайды да. Сондай кезде түсіндіріп, одан кейін ғана келісіммен алып жатырмыз. Қолға түскен жинақтарды міндетті түрде сандық (электрондық) нұсқаға айналдырып, оқырманға ұсынудамыз. Яғни оқырман қауымға көне кітаптар да қолжетімді».
Айта кетейік, кітапханадағы ең көне кітап — Вольтер Скоттың «Қызыл қолғап» жинағы. Еңбек 1924 жылы Лондонда басылған екен. Енді мәдениет ошағында осындай көне кітаптарды жинақтау үшін жуырда жаңа бөлім ашылмақ.