Өңіріміздегі бау көлемі 26 мың гектарға жетеді. Бұл жөнінде облыс әкімі Асқар Мырзахметов Сарыағаш ауданында жасағаніс-сапарында мәлімдеді. Аудандағы белгілі шаруа қожалықтарға арнайы бұрылған басшы еңбеккерлердің жағдайымен де етене танысты. Бұған қоса бірқатар жаңа құрылыс барысын бақылап қайтты.
Облыс басшысының Сарыағаштағы сапары алдымен шаруа қожалықтардан басталды. Аудандағы белгілі «Ынтымақ-Бесарыс» серіктестігіне арнайы барып, шаруалардың жағдайымен танысты. Жемісті ауылының бірқатар тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның жер көлемі бүгінде 30 гектарға жеткен.
Оның 14 гектарына интенсивті бау егіліпті. Шаруа қожалық басшылығының айтуынша, биыл өнімі күтіліп отырған бауда алманың италияндық бес түрі өсіріліп жатыр.
Жиенбай Шыңғысов, шаруа қожалығының жетекшісі: «Қазіргі уақытта шаруаны қолға алып, оны дөңгелетіп жатырмыз. Ауылда жерде кәсіптің қай түрін дамытсақ та жарасады. Енді облыс әкімінің бағдарымен шаруа қожалығының ауқымын кеңейтсек деген жоспар да жоқ емес. Бұл үшін бар жағдай қарастырылған».
Сондай-ақ, Сарыағашта мал бордақылау ісі де жолға қойылған. Ауданда 138 мал бордақылау алаңы болса, онда жылына 349 тонна ет өндіреді. «Шыңғыс» шаруа қожалығының үлесі де орасан. Қазіргі уақытта 500 бас малды бордақылайтын орында 15 адам жұмыс жасап отыр.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=XZK3ZKomWGY[/youtube]
Асқар Мырзахметов, облыс әкімі: «Елбасымыз соңғы іс-сапарында облыстағы атқарылып жатқан мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығына оң бағасын берді. Үлкен өндіріс орындарының орталығына айналуы керек екенін де ескерді. Сондықтан, көкөніс пен өзге де шаруашылықты қолға алуда, оны дамытуда сарыағаштықтарға деген сенім мол».
Бүгінде еліміздегі жылыжайлардың 87 пайызы Оңтүстік Қазақстанда орналасқан. Бір қызығы, соның 90 пайызы Сарыағашта болса, өз кезегінде аудандағы жылыжайлардың 75 пайызы Жарты төбе ауылдық округіне тиесілі.