Сәуiрдің 4 -11-і күндері аралығында Анталья қаласында қол күресiнен Азия чемпионаты өткен болатын. Қазақстан атынан қатысқан 15 шардаралық спортшының 13-і осы жарыста алтын медальді қанжығаларына байлады. Бұл туралы сүйінші хабарды «Оңтүстік Қазақстан» газеті хабарлап отыр.
Бүгiнде Шардара жұртшылығы алтын құмды жағажайлары және балығымен ғана емес, даңқты спортшыларымен де мақтанады. Әсiресе, армрестлинг спорты осы ауданның брендiне айналып отыр. 4-11 сәуiр аралығында Түркияның Анталья қаласында қол күресiнен Азия чемпионаты өттi.
Дүбiрлi додаға Азияның барлық мемлекеттерiнен дерлiк 700-ге жуық спортшы қатысты. Бұл сында Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Шардараның 15 сайыпқыраны өнер көрсетiп, оның 13-i (!) алтын медаль олжалады. Азия чемпионы атанып, көк туымызды желбiреткен өрендердiң күш-қайратына, шеберлiгiне өзгелер таңырқай қарайды.
Сонымен, жасөспiрiм қыздар арасында 55 келiде Ләззат Мәлiкайдар қарсылас шыдатпаса, ұлдар арасында Ғабит Әшiмхан (55 келi) мен Қыдыр Өсербай (60 келi) чемпион атанды.
Жастар арасында Сафин Ришат, Нұрдәулет Қадiр, Рамазан Жамкуров, Қайырхан Шәмиев, Ғалымжан Қарсыбаев және Нұрдәулет Сәдуақасов сынды жiгiттер абыройды аспандатып, ел қоржынына кезектi алтын жүлделердi салды.
Ересек спортшылар арасында 55 және 65 келi салмақ дәрежелерiнде Дәурен Әбсаттар мен Медет Оразбеков мықтылық танытты. Ал 65 келiде Талғат Ақтаев топ жарса, 85 келiде Ғани Малбасов Анталья төрiнде әнұранымызды көкке шарықтатты.
Жұмыр жердегi барлық додалардан алтын жүлдесiз қайтпайтын Арман Қарсыбаевтың шәкiрттерi бүгiнде ұлттық құраманың негiзгi бөлiгiн құрайды. Бұл ретте аудан әкiмi Қамытбек Айтөреев пен осындағы спорт саласының тiзгiнiн ұстаған азаматтардың, бiлiктi бапкерлердiң еңбегiн де айта кеткен жөн.
Қазақ атты ұлтты әлемге танытып, қара нардың жүгiн көтерiп жүрген Шардараның бiлектi жiгiттерi мен жүректi арулары таяуда Малайзия астанасы Куала-Лумпур қаласында өтетiн әлем чемпионатына қатысады. Әлемдегi «менмiн» деген армрестлинг шеберлерiнiң мысын басып, мерейi тасып жүрген сайыпқырандарымызға сәттiлiк тiлеймiз!