Шардаралық спорт мектебінен 102 әлем чемпионы шыққан

134

Шардаралық Армспорт мектебін «Чемпиондар шеберханасы» деп атауға болады. Себебі бұл мектепте тек қол күресінің өзінен 102 спортшы Әлем чемпионы атанған. Соның бірі – Мағжан Шамиев. Ол 15 жылдық тәжірибесінде 2 рет әлемді мойындатты. Әрі Қазақстанның бірнеше дүркін жеңімпазы атанған.

Шардаралық спортшы Мағжан Шамиев қол күресінен ҚР-ның 15 дүркін чемпионы. Ол спортқа сегізінші сыныпта оқып жүргенде келген. 15 жылдық тәжірибесі бар білекті азамат 2 рет әлем чемпионы атанған. Әлемді мойындатқан Мағжанның алғашқы жүлдесі 3 – орын болыпты. Жеңімпаз жігіт сол сәтте сынып қалмай тынымсыз еңбек еткенінің арқасында биік белестерді бағындырғанын айтады.

Мағжан Шамиев, қол күресінен әлем чемпионы: «Ең алғаш 3 – орын алғанмын. Сол сәттен бастап қызығушылығым артып, қатты дайындалдым. Алдыма үлкен мақсаттар қойдым. Сол 3 – орыным, 1-орынға жетелеп, Әлем чемпионы да атандым. Аллаға шүкір. Кейін Әлем кубогын алдым. 2 – рет әлем чемпионы атандым. Сонымен қатар 7 рет Азия чемпионы атандым»

Мағжан Шамиевтің інісі де ағасының жолын қуып спортта чемпиондық атаққа жеткен. Сондықтан ол жастарға қазақтың қол күресі жақсы жағынан әсер етеді деген ойда.

Мағжан Шамиев, Қол күресінен Әлем чемпионы: «Бұл спорт түрі ешкімге зияныңды тигізбеуді үйретеді. Басқа спорт түрлері сияқты күніне 4-5 сағат жаттығу жасалады. Сондықтан жастарға спорт көп дүниені береді. Әсіресе жақсы достар, жақындар жолықтырады. Ішпейтін, шекпейтін таза орта қалыптастырады»

Шардарадағы Армспорт мектебінен қол күресі бойынша 102 әлем чемпионы шыққан. Қазір 500 бала осы спорт түрімен шұғылданып келеді. Мекеме басшысы мұндай жетістікке жетудің басты құпиясы тәртіпте екенін айтады.


Арман Қарсыбаев, «Shardara armsport» спорт мектебінің директоры: «Өздеріңіз хабардарсыздар бізден 102 әлем чемпионы шыққан. Көбі сұрап жатады өздеріңіздің технологияларыңыз бар ма деп. Жоқ мен ойлаймынтек тәртіп, тәрбиенің арқасында. Бізде тәртіп бәріне ортақ. Әлем чемпионысың ба, әлде жәй спортшысың ба тәртіп ортақ»

Әлемде номері 1 Армспорт клубында 2000-нан аса шардаралық жас тәлім алып жатыр. Басында қол күресі бағытында ашылған шаңырақта қазір спорттың 11 түрі бойынша шәкірт тәрбиеленіп келеді.