Шымкентте ұлттық ат спорты ойындары өтті

1185

Шымкенттегі орталық ипподромда қазақтың ұлттық ат спорты ойындарының бәсекесі болып өтті. Бұл туралы shymkenttv.kz сайты хабарлайды. Наурыз мейрамынан бері аламан доданы аңсап жүрген қала тұрғындары жер тарпыған сәйгүліктердің шабысына куәгер болды.

Жеңістің 70 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Шымкент қалалық әкімшілігі мен «Нұр Отан» партиясы бірлесе ұйымдастырған аламан сайыс ұлттық спорт ойындарын ұлықтады. Бәйгеде бас жүлдеге тігілген автокөлікті Жамбыл облысы Қордай ауданында бапталып жатқан тұлпардың иесі жеңіп алды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Gl-UxebwJ4o[/youtube]

Олимпиада бағдарламасына енген конкур сайысында Екатерина Орлова бас жүлдені жеңіп алды. Командалық есепте Ғани Ахметбаев баптайтын ұлттық спорт мектебінің шабондоздары бірінші болып, мәре сызығына жетті. Көкпар бәсекесінің ақтық сынында Төлеби және Сайрам аудандарының сайыпқырандары бақ сынасты.

Аса тартысты өткен дода барысында төлебилік көкпаршылар қарсыластарын 6-5 есебімен ұтып, облыс чемпионы атанды. Көп көңіліне қонған аламан бәйгенің қорытындысында Жамбыл облысы Қордай ауданының Юпер атты сәйгүлігі оңтүстіктің арғымақтарын шаңында қалдырып, мәре сызығын бірінші қиды.

Аттың иесі Есбол Шынтасовқа бас жүлде үшін тігілген темір тұлпардың кілті табыс етілді. Теңге ілу, аударыспақ, қыз қууда ұлттық спорт ойындарын дәріптеп жүрген облысымыздың шабандоздарына тең келер қарсылас болмады.

Аса қызықты қошқар көтеру сайысында Таскент ауылының 15 жасар тұрғыны Құрал Мадиярдың жолы болды. Ол ағаларына үлгі көрсетіп, сайыс барысында ауыр қошқарды именбей көтеріп, өзімен бірге ала кетті. Жеңімпаздарға қала әкімшілігі мен «Нұр Отан» партиясының қомақты жүлделері табыс етілді.