Шымкентте бір жарым жасар бала ата-анасынан көз жазып қалды. Оншақты күннен бері ол облыстық балалар ауруханасында жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, Данилды анасы күтушіге небәрі 2 сағатқа қалдырып кеткен екен.
Тұлымы желбіреп, ойнап жүрген бүлдіршіннің ата-анасын көрмегеніне бүгін он бес күн болды. Ақ халаттылардың айтуына қарағанда, 25 наурызда анасы оны тойға кетіп бара жатып, күтушіге уақытша тастап кеткен.
Ата-анасынан қандай да бір хабар болар деген үмітпен ол 5 күн бойы баланы үйінде ұстайды. Күдерін үзген соң 30 наурыз күні полицияға хабарласады. Құқық қорғау органының өкілдері Данилдың денсаулығын тексерту үшін ауруханаға тапсырыпты.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=0PpLk4Sdnhw[/youtube]
Болған оқиғаның мән-жайын білу үшін дәрігерлер берген мекенжай бойынша баланың күтушісін іздедік. Алайда, пәтерде ешкім болмады. Көршілердің айтуына қарағанда, ол келіншек нәпақа табу мақсатында бала бағуға бел байлапты.
Айта кетейік, бұл — жыл басынан бері тіркелген алғашқы дерек. Данилдың ата-анасына іздеу жариянған. Құқық қорғау органы өкілдері күні ертең осы оқиғаға қатысты нақты жауап беруге уәде етті.