Шымкентте сұлулық мерекесі өтті. Визаж бен боди-арттан Қазақстанның халықаралық ашық біріншілігі таңғы сағат 9-да басталып, кешке дейін жалғасты. «Риксос Хадиша Шымкент» қонақ үйінде ұйымдастырылған сұлулық байқауына ең үздік шебер визажистер, халықаралық дәрежедегі жаттықтырушылар мен Қазақстанның өзге аймақтарынан оқушылар келді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=FXsXrTVCx6w[/youtube]
Зарина Нұрмұхамедова, ұйымдасырушы: «Біз бұл республикалық конкурсты еліміздегі шеберлердің деңгейін көтеру және оларды өзге елдерге таныту үшін ұйымдастырудамыз. Қатысушылар алған тәжірибелерін болашақта пайдаларына асатынына сенімдіміз.»
Алматыдан келген Айгерім Жүсіпбекова жасөспірімдер номинациясы бойынша бағын сынауда. 24 жастағы ару үшін бұл байқау — үлкен сынақ . Сондықтан мол дайындықпен келген Айгерім ерекше қалыңдық бейнесін жасауға екі апта уақытын жұмсапты.
Айгерім Жүсіпбекова: «Мен қалыңдықтың бейнесін өзім таңдап алдым. Еш қобалжу жоқ. Бар өнерім мен шеберлігімді көрсете аламын деген ойым бар.»
Жарыс екі бөлімнен тұрды. Қалыңдықтарға және подиумға арналған бет әрлеуді қатысушылар 55 минуттың ішінде орындап бітіруге тиіс болды. Алтын кубок үшін бақ сынаған 20-ға жуық үміткердің 8-і — облысымыздан.
Мұнда шын шеберлердің қиялына шектеу жоқ. Тек қазылар алқасы олардың жұмысты орындау техникасына мән беріп, мейк-аптың соңғы сән үлгісіне сай әрі модельдің дене бітімімен үйлесіп тұруын қадағалады.
Важа Мхитарян, төреші (Ресей): «Мен бүгін таң қалып отырмын. Әлемнің барлық елдерін аралап келген мен үшін бұл жаңалық болды. Әсіресе, жастар жақсы көрсеткіштер көрсетуде. Бұл мені қуантады. Қазақстанға алғаш келуім. Қазақстандық шеберлерді халықаралық додаларға қатысуға лайық деп ойлаймын.»
Чемпионаттың қорытындысы бойынша қалыңдықтың үздік бейнесін жасаған Динара Нұрашева мен подимға арналған ерекше бейненің авторы Жаңылсын Исмағұлова бас жүлдеге ие болды. Өзге қатысушылар да шеберлер кубогына ие болып, сыйлықтар табьысталды. Ал жеңімпаздар алдағы уақытта Малайзияда өтетін әлем әемпионатта еліміздің намысын қорғайтын болады.