Түркістан қаласында 2000 жылы Сиднейде өткен XXVII жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы XIV халықаралық турнир өтіп жатыр. Аталған сайысқа Қытай, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Өзбекстан және Қазақстан Республикасының барлық облыстарынан 200-ге жуық жас спортшылар қатысып отыр. 13 салмақ дәрежесі бойынша өтетін бұл сайыстың ерекшелігі — 3 салмақ дәрежесі бойынша қыздар да бақ сынайтын болады.

Жыл сайын дәстүрге айналған халықаралық турнир биыл ерекше сән-салтанатымен бастау алды. Ер Бекзаттың өміріндегі айтулы күндердің құрметіне орай ұйымдастырылған жарыстың ашылу салтанаты Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ-нің мәдениет сарайында өтті.

001

Жастар арасындағы халықаралық сайысты ресми түрде облыс әкімінің орынбасары С.Қаныбеков ашып беріп, барлық спортшыларға сәттілік тіледі. Бұдан соң Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев, Олимпиада жеңімпаздары С.Сәпиев, Б.Сәрсекбаев ел алдында ыстық лебіздерін жеткізіп, Б.Саттархановтың ата-анасына сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.

002

Жарыстың ашылу салтанатында тұңғыш Олимпиада жеңімпазы Б.Саттархановқа арналған фильм көрсетіліп, белгілі айтыскер ақын Б.Шойбеков бастаған өнер жұлдыздары Қ.Нұртас, Б.Мұстафаев пен жергілікті өнерпаздардың ән жырымен жалғасты.

003

Айта кету керек, бокстан халықаралық турнир сәуірдің төртіне дейін жалғасады.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі