Текті түзеу-тектілік!

17-009

Облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы айтуға тұрарлық «дөңгелек үстел» өткізді. Тегіндегі «-ев, -ов, -ева, -овадан» арыла алмай жүрген қазақ азаматтарына ой саларлық дүниелерді қозғады. Мархабат
Байғұт, Әнуарбек Бейсе сынды бұл орайда елге үлгі болып жүрген азаматтарды қонаққа шақырып, әлі де болса құлдық санадан арыла алмай жүрген азаматтарға қамшы боларлық сөз арнады.

«Ұлты қазақ азаматтар өздерінің тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес аффиксті алып тастай отырып, өзгертуге хақылы, алайда тегі мен әкесінің атының түбірлік негізі сақталуы тиіс. Бұл ретте әкесінің атын жазған кезде азаматтың жынысына қарай «ұлы» немесе «қызы» сөздері қосылып, бірге жазылады»

(«Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» ҚР Президентінің №2923 Жарлығынан. 1996 жыл. 2 сәуір) 

ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 2 сәуірдегі № 2923 Жарлығына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1996 ж., № 14, 107-құжат; 2005 ж., № 2, 10-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:

2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

2. «Қазақстан Республикасы азаматының паспортын және жеке басының куәлігін берген кезде құжаттандыру саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган осы Жарлықтың 1-тармағында көзделгендей, тегі мен әкесінің атының жазылуын оңайлатылған тәртіппен, азаматтық хал-ахуалын жазу актілеріне өзгерістер енгізусіз жүргізеді деп белгіленсін».

Н. Назарбаев, ҚР Президенті

«Дөңгелек үстелді» ұйымдастырушылардың айтуынша сең қозғалған. Аты-жөнін қазақыландырып жатқандар аз емес. Бұған тоқсаныншы жылдардың басында Шерхан Мұртаза бастап, соңынан ілесе, «-ов, -евтен» арылған бірқатар ақын-жазушы, қаламгер, журналистерді мысалға келтіруге болады-ақ. Алайда, мемлекеттік қызмет, әкімдік жүйеде жүрген азаматтар бұл орайда елге қандай өнеге көрсете алды? Зайырлы мемлекетпіз, құқықтық қоғам қалыптастыру жолындамыз. Олай болса Мемлекет басшысының Жарлығы мен қаулыларының орындалуы мен жүзеге асыруына бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілер мүдделі болуы керек емес пе? Ал, бізде құлдық санадан арылып, ата-тегін қазақыландырған азаматтар әлі де саусақпен санарлық. Олар: Мұхтар Құл-Мұхаммед, Дархан Мыңбай, Анарбек Орман…

Айтпақшы, Шымкент қаласының әкімі болып тұрған шақта Арман Шәріпбайұлы Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында дүйім жұртқа жар салып, фамилясындағы орысша жалғауларды алып тастайтындығын, әрі бұл игі іске орынбасарлары да, әкімдіктің өзге қызметкерлері де білек сыбана кіріскелі отырғанын мәлімдеген. Өзі Арман Жетпісбай болып өзгертті аты-жөнін. Ал, ілесе кеткен орынбасарларын байқамадық сол бойы. Ұлттық мүдде, ұлттық рухқа қатысты әңгіме айтылғанда көш басынан көрінетін Бахадыр Нарымбетовтей орынбасары да әлі күнге «-ов»-тан арыла алмай жүр.

Шымкентті бүгінгі таңда басқарып отырған Дархан Амангелдіұлының да тегі Сатыбалды болып, қазақыланып тұр. Аты-аталған азаматтар мұны құжат жүзінде заңдастырып алған. Ішің жылиды. Себебі, «-ов», «-евтен» ауызша арылып, елге орысша жалғаусыз фамилиясын атап, жазып жүргенмен, кейбірінің құжат жүзінде әлі құлдық санадан арылмағанын да білеміз.

Ал сіз ше? Сіз, қашан арыласыз «-ов, -ев, -ова, -ева»-дан? Арылған болсаңыз, мұныңызды құжат жүзінде заңдастырып, бекіттіңіз бе?

 

 

Қазыбек Иса, ақын, журналист:

– Мен үшін «ов», «ова»-лар құлдық жалғаулар. Одан арылатын уақыт қашан жеткен. Дегенмен сыныққа сылтау тауып жүргендер үшін бұл аса бір қиын шаруа болып көрініп жүр.

Естеріңізде ме, 1996 жылы өз Жарлығында ұлты қазақ азаматтар тегі мен әкесінің атының жазылуын қазақ тіліне тән емес жалғаулардан арылуға құқылы екенін баса айтқан болатын. Сол Жарлықтан соң аты-жөнімді қазақиландыруға бел будым. 1999 жылы «Қазыбек Иса» деп құжатымды өзгерттім. Көбі аты-жөнді қазақшалау үшін уақытты шығындауға тура келеді деп ойлайды. Тіпті 3 айдан 6 ай күтесің деп жүргендер де бар. Ал шын мәнісінде олай емес. Өзім 1 аптаның ішінде жаңа құжатымды қолға алдым.

Айтпақшы, осы ретте Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің жұмысына ренішімді де айта кетейін. Қызымның құжатын рәсімдеуге барғанымда қызметкер фамилияны қазақшаға ауыстыруға заң тұрғысында тыйым салынатынын айтқан болатын. Оны естіген мен жағамды ұстадым. Міне, көрдіңіз бе, сондай сауатсыз мамандардың салдарынан қанша қазақ тығырыққа тіреліп жүр.

 Меніңше «ов», «ев»-тен арылуды елдің назарында жүрген азаматтар бастаса, өзгелерге үлгі болар еді. Өзінің атын қазақшаландыра алмаған адам ел жұртқа қайдан ақыл айтсын?!

 

Құдайберген Ержан, ОҚО Мәслихаттың хатшысы:

– Елбасы Жарлығынан соң алғаш болып тегін қазақшаға ауыстырғандардың бірі менмін. Әрине, көпшілік айтып жүргендей өзге де құжаттардың барлығын қайта рәсімдейтін болдым деген ой менде де болған. Бірақ, ережеге сәйкес ол міндетті емес. Аты-жөніңді ауыстырғаныңды растайтын нотариус анықтамасы болса, кез келген жерде мәселеңді шеше аласың. Әлі күнге дейін өзге құжаттарымды қазақша тегіммен сәйкестендіріп өзгерткенім жоқ. Кейде кейбір келеңсіздіктердің де орын алатынын жасырмаймын. Көбі «ов» жұрнағы болмаған соң есімімді фамилияммен шатастырып жатады. Бірақ, менің ойымша оның бәрі уақытша. Осы ретте «осындай жақсы бастама көтерген Елбасымыздың өзі неге фамилиясын қазақшаға өзгертпейді?» деген сауал туындауы мүмкін. Біле білсеңіз, ол кісі бұл Жарлықты жарияларда оның себебін де түсіндірген болатын. Президент көптеген елдермен іскерлік байланыс орнатқан. Маңызды құжаттарға қол қойылған. Егер фамилиясын өзгертетін болса, ол құжаттардың құны жоғалады. 

Сенесіз бе, біздің отбасымыздың барлық мүшелерінің аты-жөндері тек қазақ тілінде. Яғни, ешбірінде «ов», «ев» деген жұрнағы жоқ.

Енді бұл мәселеге әркім өздігінше көзқарас танытуы мүмкін. Ешкімді күштей алмайсың. Дегенмен бұл да мемлекеттік тілге деген құрметтің бір белгісі дер едім. Орыстан қалған жұрнақтардан арыламын деушілерді тек қолдаймын.

 

 

Болат ЖАНӘБІЛ, ОҚО білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

– Тегін қазақшалаймын дегендерге бүгінде ешқандай тосқауыл жоқ. Құжаттамаға қатысты тиісті сала мамандары да мұны қуаттап отыр. Ендігі жерде азаматтардың өз ерік-жігерлері мен табандылықтарына, тектілігіне ғана қатысты болып тұр, бар мәселе. Біздің басқарма ұлты қазақ азаматтардың аты-жөніне байланысты «ұлты қазақ азаматтардың аты-жөніндегі қосымшаларға байланысты мектептердегі жоғары сынып оқушылары мен жас отбасы иелерімен, жұртшылықпен «Қазақы дәстүрге сай құжат алдың ба?», «Текті түзеу – тектілік» атты семинарлар өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізіп отырады. Соның негізінде біршама сараптамалар да жасап үлгердік. Мысалы, 2013 жылы туған балалардың 52%-ы, 2014 жылы туған балалардың 73%-ы, 2015 жылғы 2 айда туған балалардың 82%-ы -ов, -ев, -ин, ина аффикстерінсіз қазақы дәстүрге сай құжатқа ие болды. Бұл үлкен жетістік. Енді осындай жетістікке үлкендер жағы да, әлгі балалардың ата-анасы да мойын бұрса, «дипломды өзгерту керек», «ЗАГС те жазылып кеткен» деген сылтаулардан арылатын кез жетті. Бұрын құжаттандыру бөлімі Әділет министрлігіне қарайтын, қазір, былтырдан бастап, ол Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясына берілді. Азаматтар қазір тегіндегі «-ов», «-ев»-тері алынған, таза қазақ тіліндегі куәлікті жеті күн мерзім ішінде ала алады. Ал басқа құжаттар, мысалы, диплом, тағы басқалар өзгертілмейді. Азаматтың қолына «мына уақыттан бастап, бұл адамның аты-жөні өзгертілген» деген анықтама қағазы беріледі. Бұл қағазды талап еткен барлық орынға көрсете аласыз.