Ынтымақ ұйыған жерді жұмаққа теңеуге болады

16-006Әлемдердің Раббысына сансыз мақтау мен мадақ болсын! Адамдардың асылы болған Мұхаммед Пайғамбарды, оның отбасын, сахабаларын және оның соңынан Қияметке дейін ілесушілерге Алланың рақымы мен сәлемі болсын!

Асыл дініміздің атын жамылған, теріс пиғылды «жанашырлардың» маска жамылған бет-бейнесін анықтай алмай, жолдан жаңылып, өз ұлтының, елінің, Отанының жарқын болашағына кесірін тигізіп жүргендер де баршылық. Кейбір бауырларымыздың алғашқы ниеті Алланың әміріне бойұсынып, құлшылығымен рақымына бөлену болғаны рас. Тек, уақыт өте келе діни білімінің аздығы, шариғат амалдарын толық түсінбеуі, бірқатар әлеуметтік, материалдық жағдайларының себебімен тура жолдан ауытқыды. «Шетелде білімнің суын сығып, майын ішіп келген ұстаздарының» саясатқа негізделген солақай әдістерінің арқасында өз еліне деген теріс пікір қалыптастырып, мәнсіз көзқарас ұстанды.

Мәселен, «Хизбут-Тахрир» партиясы ел арасында көп ылаң салды. Бұл өзі, Таки ад-Дин Набахани 1952 жылы Палестинада негізін қалаған партия. Өз мүшелерінің санын көбейту мақсатымен ол партия атауына исламды да қосып, алдарына 13 жылда халифат құру міндетін қойды. Бірақ көрсетілген мерзімде партия мүшелерінің саны өспеді, бірде бір араб мемлекетінде халифат құрылған жоқ. Себебі, Әз пайғамбарымыз (с.ғ.с.) халифат туралы: «Мен дүниеден өткеннен кейін халифат 30 жылға созылады, содан соң әмірлік пен патшалық басталады»,-деген.Сондықтан олардың жоспары жүзеге аспайды. Тіпті араб елдерінің өзі «Хизбут-Тахрир әл-Ислами» партиясының идея-сын құптамайды. Олардың көптеген көзқарастары мен пікірлері шариғатқа да Исламға да мүлде сәйкес келмейді. Бір ғана «жалаңаш бейнелерді, суреттерді (порнография) көруге рұқсат еткен «кеңпейілдеріне» не айтуға болады? Өкінішке орай кейбір жастарымыз мәселенің мән-жайына бармай теріс уағызға көзсіз көбелектей ілесіп, олардың қатарына қосылып қалғанын аңғармай жүр.

Олардан бөлек, «Тәкпіршілер» деп аталатын жамағат өкілдері шықты. Олар өздерінің жалған сенімдерімен көптеген мұсылмандарды сенім мен күпірлік (таухид пен ширк), бірқұдайылық пен серік қосу (иман мен ширк) мәселесінде адастырып, өзге мұсылмандарды адасушылықта айыптауда. Тәкфир – дінге енген жаңалық. Әлдекімдердің «Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетіне ерудеміз», «Таза Ислам» немесе «таза Таухид» деп жүрген жалған сенімдері шектен шыққан қателік.

Салафиліктер мен уахабиліктер муғтазила, жәбрия, муржиға т.с.с. ағымдар жайлы да түрлі пікірді айтуға болады. Осы секілді бірқатар теріс ағым өкілдері кейде мешіт имамдарының уағызын жоққа шығарып, намаздағы бауырларының құлшылығына кедергі келтіріп жатады. Олардың пікірінше, ғасырлар бойы ата-бабаларымыз ұстанып, діни-рухани қажеттілігімізді атқарып келген дәстүрлі Ислам қате-міс. Пайғамбарымызға с.а.у. тарихи тұрғыдан жақын өмір сүріп, бізден гөрі дінге, Аллаға адалырақ болған, өзгенің емес, алдымен өз қателігіне баса назар аударған аталарымыз қалайша теріс жолда болады? Өкініштісі сол, олар құлшылыққа ғана емес, тұтас елдің бірлігі мен қауіпсіздігіне, абыройы мен атағына да кір келтіргендерін ұғына алмайды.

16-007

Қоғамда бүліншілік пен алауыздық тудыру мұсылманға жат әдет. Мұсылман мұсылманға бауыр. Аллаһ тағала «Әл-Имран» сүресінің 103-ші аятында: «…Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені, бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды. Оның игілігімен туысқа айналдыңдар»,-деп айтқан. «Инфал» сүресінің 46-шы аятында: «…өзара жанжалдаспаңдар, сонда әлсіз қалмайсындар және күш-қуаттарың қашпайды..»,-деген.

Заманында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қоғамның ынтымағы мен бірлігін сақтау үшін қаншама қорлыққа төзді, қаншама қажыр-қайратын жұмсады. Өз дәуірінде Мәдина халқының арасында кімдердің іріткі салып жүргенін, өсек-аяң, қаскүнемдік әрекет жасап жатқандарды, барлығын да, біліп отырды. сонда да үлкен сабырлылықпен қайырын күтті. Тіпті сол дұшпандарымен араласып, қарым-қатынас жасап тұрды. Мұнафықтардың көсемі Абдуллаһ ибн Убәй ибн Сәлулдің адам айтқысыз қиянаттарына төзді, оны жазалаған да жоқ. Омар (р.а.) қанша рет мұнафықтың көзін құртуға рұқсат сұрағанымен, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мәселені Аллаға тапсырып, дін исламға, қоғамға зиян тигізуші екі жүзділерді өлтіртпеді. Тіпті мұнафықтардың көсемі Абдуллаһ ибн Убәй ибн Сәлул қайтыс болмай тұрып баласын Пайғамбарға жіберіп, үстіндегі көйлегін (ниеті кебін ету) сұратқанда, Екі дүние сардары, Адамзаттың ардақтысы (с.ғ.с.) көйлегін береді. Міне, осындай ғибратты оқиғаларды Пайғамбарымыз бен одан тәлім алған сахабалардың ғұмыр тарихынан көптеп келтіруге болады. Бұл Аллаһ Елшісінің бейбітшілік пен бірлікке, татулық пен тыныштыққа қаншалықты мән бергенін байқатса керек. Ірі ғұламалардан болған белгілі сахаба ибн Масғуд: «Ең үлкен нығмет – қауіпсіздік пен денсаулық», – деген. Қауіпсіздік осы тыныштық пен бейбітшілікті қамтиды. Сондай-ақ, ғаламдағы, замандағы, далаңдағы, санаңдағы тыныштықтың бәрі осы қауіпсіздікке мұқтаж. Ынтымақ ұйыған жерді жұмаққа теңеуге болады.

Абай атамыздың «Тыныштық іздеп таба алмай жүрген жұрт, тыныштық көрсе, сәтке тұрмай жалыға қала-тұғыны қалай?» – деп, таңданған заманы қайта оралғандай әсер береді кейде. Сырым батырға: «Батыр, қайырылып сәлем бергің келмейді, тасып жүрсің-ау?!» дегенде, «Тасып жүргенім жоқ, қазақ баласының басын қоса алмай, сасып жүрмін», – деген екен. Дана бабаларымыз айтып кеткен, армандап өткен тыныштығы мен берекесіне қолымыз жетіп отырғанда шүкіршілік етудің орнына кері тартатынымыз жанға батады.

Осының барлығы айналып келгенде ұлттық құндылығымыздың бағасын сезіне алмағандықтан, бүгінгі күні таңы тамаша араймен атып, кеші күлімдеп бататын жаймашуақ, мамыражай өмірдің қадірін түсінбегендіктен болар.

Бақдаулет қажы Абдрахманов, 

Шымкент қаласы А. Қаттани мешітінің бас имамы

«Оңтүстік Рабат», №16, 22.04.2015