Жаңаталаптағы ардагерлер Жеңіс шеруіне баруды армандайды

782

Түлкібас ауданында ардагерлер кеңесінің мәліметі бойынша бүгінде 20 Ұлы Отан соғысының ардагері, 1250 тыл еңбеккері күн кешуде. Ал шалғай ауылдардың бірі — Жаңаталапта майдангерлер қалмаған. Ұрпаққа тарихты жеткізетін көзі тірілерден соғыс ардагерінің жұбайы, тыл еңбеккері Сейсеп Медеуова мен көршісі Әтішкүл Исабекова ғана қалған.

008

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Түлкібас ауданындағы Жаңаталап атындағы шағын мектептің ауласындағы майдангерлердің ерлігіне арналған ескерткіш ретке келтірілуде. Жаңаталап пен Қарабастау ауылынан соғысқа аттанған жүзден астам ер-азаматтардың елге оралған майдангерлердің соңғысы Жүнтай Сейдалиев 77 жасында осыдан 4 жыл бұрын дүниеден озған.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=gIOjhKmdQE4[/youtube]

Тыл еңбеккері Сейсеп Медеуова — соғыс ардагері Жүнтай Сейдалиевтің жұбайы. 87 жасқа келген әжейді кенже баласы қамқорлығына алған. Бүгінде қарт ана 7 баладан 28 немере, 5 шөбере сүйіп отыр. Соғыс, одан кейінгі қалпына келтіру жылдары ауылдастарымен бірге егін алқабында аянбай еңбек етті. Қиын-қыстау кезеңде мойымаған еңбек озаты сыр бере бастаған денсаулығынан шаршаған.

007

Жаңаталап ауылындағы екінші тыл еңбеккері — Әтішкүл Исабекова. Жасы 90-ға таяса да әжейдің қимылы ширақ. Жастайынан бейнетке үйренген ол үй шаруасындағы азын-аулақ жұмыстарды атқарып, келініне көмектеседі. Соғыс басталғанда Әтішкүл 17 жаста болатын. Тағдырдың тауқыметін ерте көрген бойжеткенді қиыншылық шыңдады, тәрбиеледі.

Өмірден түйгенімен өзгелермен бөлісіп, қоғамдық жұмыстардан шет қалмаған белсенді ана елінің көркейіп, дамыған мемлекеттер қатарына қосылғанын қалайды.

Әжей Ұлы Жеңістің 70 жылдығын Астанада тойлайтын оңтүстікқазақстандықтардың қатарына ілінсем деп армандайды.