Қазір облысымыздағы татарлар мен башқұрттардың басын қосқан ОҚО татар-башқұрт этномәдени орталығы жұмыс істейді. Орталықты Саима Акбердиева басқарады.

Татар ұлты шартты түрде орынбор, астрахань, қырым татарлары және тағы басқа да бірнеше түрге бөлінеді. Саима Нажипқызының түбі астрахань татарларынан тараған. Атасы Зулкарнай Акбердиевті отбасымен 1934 жылы Сібір жеріне депортациялайды. Еділдің төменгі бойында егін егіп, қоңыр төбел өмір сүріп жатқан Акбердиевтер бір тәулік ішінде апыл-ғұпыл жолға жиналып, өздерімен тек бір түйіншек қана алып шығады. Арада апта өтпей Сібірдің қатал табиғатына келіп түседі. Еділ бойын жайлап, жер еміп үйренген жұртқа Сібірдің суығы жайсыз тиеді.

16-011

Қатал табиғатқа үйренісе алмаған Зулкарнай арада жыл өткен соң, жылы жаққа қоныс аудармақ болып шешеді. Таңдау Қазақстанның оңтүстігіне түседі. Ұзақ ойланбай тілі мен діні ұқсас, түбі бір қазақтардың ортасына көшкен екен. Оңтүстіктің шұрайлы жеріне келіп, осындағы қым-қауырт тірлікке араласады.

Татарлардың тағы бір толқыны 1950-жылдары келді. Сол кезде Кеңес билігі кәсіби мамандарды КСРО-ның әр аумағына таратты. Инженерлік-техникалық мамандықтарға деген сұраныс Шымкентте жоғары болғандықтан, Ресей жерінен көптеген татарларды осында жіберген. Олар да осылайша қалып қойған.

Башқұрт халқының да Қазақстанға келуі осыған ұқсас себептермен жүрген. Осы күнде облысымызда 18 мың татар мен 600 башқұрт бар. Тоқырау жылдарында біршамасы Ресейге көшкен. 1989 жылы облыста 34 615 татар мен 2401 башқұрт болған екен. Материалдық жағдайы тәуір отбасылар Ресейден үй сатып алып, сонда көшіп кеткен.

16-010

ОҚО татар-башқұрт этномәдени орталығы 1999 жылдың 15 сәуірінде жұмысын бастаған. Содан бері түрлі іс-шаралар өткізіп, елдің өміріне белсенді араласып келеді. «Замандашлар» атты ансамблі бар. 2013 жылы «Замандашлардың» 35 жылдық мерейтойы аталып өткен.

Әр жылы көктемнің соңы мен жаздың басында Сабантуй өтеді. Облыстан бастау алған Сабантуй республикалық Сабантуйға ұласып, халықаралық деңгейде тойлаумен жалғасады. Сабантуй мерекесі тоң жібіп, жыртылған жерге тұқым себіліп, егіннің бас-талу құрметіне арналады. Биыл мамырда Оңтүстік Қазақстанда басталады. Қыз-келіншектер әсем киініп, би билеп, ән салады. Ер жігіттер күресіп, түрлі спорттық сайыстарға шығып, ептілігін көрсетеді. Ал, 7 маусымда Қызылордада республикалық Сабантуй өтеді.

Татар жастарының дені Қазақстанның ЖОО-да оқып жатыр. Саима Нажипқызының айтуынша, жыл сайын Татарстандағы Қазан университеті облысымыздан 2-3 жасты оқуға қабылдайды. Құжат тапсыру онлайн тәртіпте жүреді. Интернет арқылы орыс тілінен тест тапсырады. Қалған сынақтарын сонда барып өтеді. Қазан университетіне шетелден жастарды оқуға қабылдаудың басты шарты, әр жас оқуын тәмамдағаннан кейін өз еліне барып еңбек етуі міндетті. Осылайша, Қазан университетінде білім алған татар жастары Қазақстанға қайта оралады.

16-009

Орталық төрайымының сөзінше, бүгінде бір өкінішті жағдай қалыптасқан. Татар тілінде сөйлесетін татар отбасылары некен-саяқ. Басым бөлігі орыс тілінде қарым-қатынас жасайды. Этномәдени орталық жанында жексенбілік мектеп жұмыс істейді. Онда татар тіліне оқытады. Дені қазақ тілін біледі.

Әр бес жыл сайын Қазанда Дүниежүзілік татарлар құрылтайы өтіп тұрады. Оған дүниенің түкпір-түкпірінен татар делегациялары қатысады.

Қазақстанда 240 мың шамасында татар бар. Башқұрттардың саны 20 мың адамға жетеді. Олардың дені Алматы мен Қарағанды қалаларында қоныстанған. Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарында жиі шоғырланған. Еліміздің барлық облыстарында татар-башқұрт этномәдени орталығы құрылған.

Жәнібек НҰРЫШ

«Оңтүстік Рабат», №16, 22.04.2015