Шымкент – әсем әрі жасыл қала. Архитектуралық құрылысы жағынан бір-бірінен асып түсетін ғимараттарын айтпағанда, қала келбеті жыл сайын өзгеріп, көркейіп келеді. Әсіресе қаланың көркі көктемде ерекше кейіпке еніп, түрлене түседі. Өйткені, шаҺар жасыл желекке оранып, қызылды жасыл гүлдермен көмкеріледі. Алайда көпшілігіміз, қала көшелерін абаттандыру үшін жыл сайын жергілікті қазынадан қыруар қаржы бөлінетінін, ол үшін қаншама жан тер төгіп еңбектенетінін біле бермейміз.
Ендеше, біле жүріңіз…
Биыл Шымқаланы көріктендіру үшін жергілікті бюджеттен 555 млн. теңге бөлініп отыр. Алайда бұл қаржының барлығы гүл көшеттерін сатып алу мен егу үшін жұмсалмайды. Шымкент қаласы тұрғын-үй шаруашылығы, көріктендіру секторының меңгерушісі Бақдәулет Малимовтың айтуынша, бұл қаржының бір бөлігі – тал-дарақтарды, екінші бөлігі — саябақтар мен гүлзарларды күтіп-баптауға (қалада 5 саябақ, 23 гүлзар бар), тағы бір бөлігі ағаштар мен гүлдерді отырғызуға жұмсалады.
– 2014-2016 жылдарға арналған қаланы көгалдандыру және абаттандыру жоспаныра сәйкес, былтыр жалпы ауданы 198 га жерге 79700 түп тал-дарақ отырғызылды. Биыл 216 га жерге 86300 түп ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Гүл отырғызу мәселесіне келер болсақ, биыл 16 мың 465 шаршы метр жерге гүл көшеттерін отырғызу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда жоспарланған гүл көшеттерінің жартысынан көбі егіліп қойылды, – дейді Бақдаулет Мамилов.
Гүлзарлардан бастап жол жиектеріне және қала көшелеріне егіліп жатқан көшеттердің арасында тагетис, петунья сияқты маусымдық гүлдер бар.
Биыл қала көшелерін абаттандыру жұмыстары үш мердігер компанияға жүктеліп отыр. Олар «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС, «Бәйтерек ЛБ» ЖШС және «Жасыл қала» ЖШС.
Ал осы кезде…
Шымкент қалалық әкімдігі мен әуежай, «Бекжан» базары маңына орта есеппен 5000 дана раушан гүлі егілді.
Айтпақшы…
Көп ұзамай Шымкент қаласы әкімдігі мен Нұрсәт шағынауданындағы облыстық әкімдіктің ғимараты алдында да питунья мен тагетис гүлдері жайқалып тұратын болады.
– Көгалдандыру бөлімінде 140-150 адам бар. Соның тең жартысы гүл ексе, қалғандары күтіп-баптаумен айналысады. Себебі, егілген гүл көшеттерін суғару, солып қалғандарын ауыстыру, жұлынып қалғандарының орнына басқасын егу біздің мойнымызда. Ең өкініштісі, еңбегіңнің еш болғанын көру. Себебі, кей гүл көшеттері солып, қурап жатады. Амал нешік, табиғи құбылысқа қарсы тұра алмайсың. Ал кей тұрғындардың гүлдерді аяқпен таптап, енді бірі жұлып тастағанын көргенде іштей қынжыласың, – дейді «ЛТД Тұрмыс» ЖШС агрономы Ержан Жантасов.
Түйін:
Қала көркі көк желек. Көк желектің де көздің жауын алатын, хош иісті гүлдердің көп болғаны жақсы. Бірақ, сол гүлдерді күтіп-ұстайтын, жұлмайтын адамдардың көп болғаны одан да жақсы болар еді.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат», №17, 29.04.2015