Жұманазар биыл да облыс намысын республикалық сында қорғайтын болады, фото www.sk-sport.kz сайтынан алынған

Шілденің бесі күні Елордада «Қазақ барысы» анықталатын болады. Әдеттегідей әр облыстан екі палуаннан жол тартады. Ал Оңтүстіктен аталмыш дүбірлі сайықа қай спортшылар баратыны «Оңтүстік барысы» жарысында белгілі болды.

Жұманазар биыл да облыс намысын республикалық сында қорғайтын болады, фото www.sk-sport.kz сайтынан алынған
Фото: //sk-sport.kz

Биыл да шымкенттік Жұманазар Ерсұлтан бағын сынауда. Салмағы 160 келі палуан осымен үшінші жыл қатарынан «Оңтүстік барысы» атану үшін боз кілемде белдесуде. Алдыңғы екі жылы да жерлесіміз чемпион атанған болатын. Бұл жолы да іріктеуден сүрінбей, ақтық сынға жолдама жеңіп алды.

23 жасар палуан Әділжан Ыстыбаевтың да ақтық сынға жолдама жеңіп алуға мүмкіндігі бар болатын. Алайда, іріктеуде ересектер арасында әлем чемпионы өзінен 70 келі ауыр Жұманазардан басым түсе алмады. Негізгі уақытта тең түскен жас палуан қосымша сынақта тәжірибелі қарсыласына жол берді.

Оңтүстік барысында сынға түсуге бұл жолы 19 палуан ғана жиналыпты. Ереже бойынша әр ауданнан екі спортшыдан ғана қатыса алады. Осыған дейінгі жылдарда 30-ға тарта палуан белдесетін. Ал биыл болса кейбір аудандардан қазақ күресінен түйе палуандар табылмапты.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=RW7bBkIsQYI[/youtube]

Үшінші орынға таласта Нұрсұлтан Мыңғышев пен Жұманазар Ерсұлтаннан жеңілген қос палуан белдесті. Негізгі уақыттың өзінде-ақ Әділжан қарсыласын таза жеңіспен басым болды.

Ақтық сында Жұманазардың басым екені айқын байқалды. Нұрсұлтанмен бірнеше минут белдескен шымкенттік палуан жеңіске жетті. 19 палуанның ішінен топ жарған Жұманазар 200 мың теңгелік жүлдені қоржынына салса, Нұрсұлтан 100 мың, ал Әділжан 50 мың теңге алды.

Енді «Қазақстан барысында» Оңтүстіктің атынан Жұманазар Ерсұлтан мен Нұрсұлтан Мыңғышев сынға түсетін болады.