Бүгінде облысымыздағы ахысха түріктерінің саны 70 мың адам шамасында. Олардың басын қосатын ОҚО түрік этномәдени орталығы 1999 жылдан бері жұмыс істейді. Орталықты Латипша Асанов басқарады.
Ахысха түріктерінің қазақтардың арасына келуі өткен ғасырдың 40-жылдарында жүрді. Дәлірегі, 1944 жылдың 14-16 қараша күндері Грузияның Ахысха аймағында қоныстанған түріктерді Орталық Азияға күштеп көшіреді. Әп сәтте, еш дайындықсыз жолға жиналып, жүк вагондарына тиелген 100 мыңдай адамның 17 мыңға жуығы ұзақ жолдың азабына шыдамай көз жұмады. Осылайша, депортацияға ілінген ахысха түріктерін Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттері аумағына таратады. 1944 жылғы қуғын-сүргіннің куәгері, ол кезде 17 жаста болған Бәдір сол бір күнді былай деп еске алады:
– Таңертең жиналыс бар деп айтты. Қырманға жиналдық. Айналамызды әскерлер қоршап алды. Елуден астам пулеметті әскер бар еді. Олар “Сендерге 24 сағат уақыт беріледі. Одан кейін сендер Орта Азияға барасыңдар. Жүктерің 16 килодан аспауы керек…” деді. 24 сағат уақыт берді, бірақ 4 сағаттан соң заттарымызды жүк көліктеріне тиеп, алып кетті. Бізді екі күн сыртта күттіріп қойды. У-шу көтеріліп, кімнің қайда екенін білу қиын болып қалды. Мысықтар мияулап, иттер үріп, малдар маңырап жатты. Оларға қарауға батылдығымыз жетпеді, ол жаққа қарай алмадық… Сосын бәрімізді пойыздың алпыс вагонына мінгізді. Алғашқы екі күн вагондарда аш, сусыз қалдық. Есіктерді сыртынан құлыптап тастады. Нан да жоқ, су да жоқ, ешнәрсе жоқ еді…» Көп қорлық көрдік, қиын уақыттарды бастан өткердік. Жуынатын су болмағандықтан, үстімізді бит басып кетті. Әжетхана да жоқ. Вагонның бір бұрышын жамылғымен жауып қойып, әжетхана ретінде қолдандық. Күннің суығында сол вагонмен бір ай жол жүрдік. Бөріткен, сүзек ауруына шалдықтық. Біраз адам өлді. Ұрпағы таусылған жанұялар болды, ошақтары сөнді. Ауырып қалғандарды әкететін. Үлкен әпкем ауруға шалдықты. Тексеруге келгендерінде оны көрмесін деп төсенішке орап, тігіп қоятын едім. Сосын ауру адам жоқ дейтінмін. Өлгендерді арттағы бос вагонға жинады. Бір жерлер немістердің зеңбіректеуінің нәтижесінде ойық-ойық, шұңқыр болып қалған екен. Сол жерге келгенде тоқтап, әлгі өлілерді сол шұңқырларға тастай салды. Бір адамға күніне 200 грамм нан беретін. Жолай Алматы қаласынан өттік. Естерхан деген бір жер бар еді. Бізді сол жерге түсірді. Өлілерімізді құдыққа тастады. Сосын Өзбекістанға апарды. Аллаһ жәрдем етті, күш берді, сабыр берді, шыдап төздік. Өлгендер өлді, қалғандар қалды…, – дейді Бәдір қарт.
Латипша Асановтың айтуынша, Ахысхадан көшірілген түріктердің 40 мыңы Қазақстанда қалса, қалғаны Өзбекстан мен Қырғызстанға өткен.
Сұрапыл соғыс уағында атамекенінен жер аударылған жұртты қазақ халқы жатсынбай қарсы алады. Қаһарлы қыстың суығында жаңа мекенге тап болған жұртқа өз үйінен орын берді. Қолында бар талғажу етерлік қара нанымен бөліседі. Ахысха түріктері көктем шығып, тіршілік жанданған уақытта жергілікті жұртшылықпен бірлікте шаруаға араласады.
Латипша Асанов, ОҚО түрік этномәдени орталығының төрағасы:
– Біздің Отанымыз – Қазақстан. Осында туып, осында өстік. Еліміздің дамуы үшін аянбай еңбек етеміз. Мұндағы ахысха түріктерінің 95 пайызы қазақ тілін біледі. Мемлекеттік тілде сөйлейді. Мен қай жерде жүрсем де, кездескен адамдарға мақсатымыздың ортақ болуы керектігін айтамын. Бірлік болса, іс алға басады.
Біздің елде тұрақтылық пен тыныштық орнаған. «Жұмыс істеймін» деген адамға барлық жағдай жасалған. «Жұмыс жоқ», деп екі қолын жайып отыратын адамдарды түсінбеймін.
Осы ретте Қазақстан Респуб-ликасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының XXII сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын Барлық этностардың бір біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Ол күн бізді бұрынғыдан да гөрі жақындастыра түспек. Бұл күн мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі бола алар еді» деп айтқаны ойға оралады
Сонау Грузияның Ахысха жерінен жан-жаққа шашылған ахысха түріктерінің саны бүгінде дүние жүзі бойынша 550 мың адамнан асады. Әлемнің 11 елінде қоныстанған ахысха түріктерінің 200 мыңы Қазақстанда тұрады. Біздің елдегі олардың саны өзге мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда көп. Ахысха түріктері: қазақ халқымен түбіміз бір, Қазақстан – бабажұртымыз, Түркия – анажұртымыз,- дейді.
Ахысха түріктері Қазақстанның оңтүстік аймағында, яғни Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында тығыз қоныстанған. Бұған ахысха түріктерінің ауылшаруашылығына жақын болуы да себеп. Латипшаның сөзінше, ахысха түріктері әуел баста климаты жылы Ахысха аймағынан Орталық Азияға көшірілген кезде Қазақстанның ауа райы шаруаға қолайлы оңтүстік өңірлерінде тұрақтап қалған.
ОҚО түрік этномәдени орталығының ішінен түрік тілін үйрететін жексенбілік мектеп ашылған. Онда тек ахысха түріктері ғана емес, кез-келген ұлттың өкілі түрік тілін үйренуіне болады. Облыстағы ахысха түріктерінің дені шағын және орта кәсіппен, мал және егін шаруашылығымен айналысады. Араларында дәрігерлер, заңгерлер мен мұғалімдер де көп.
Түрік этномәдени орталығы Түркиядан Қазақстанға ин-вестиция тарту ісіне де атсалысады. Түркиялық инвесторларды Қазақстанға шақырады. Қазақстанда инвесторларға жасалатын жеңілдіктерді түсіндіреді.
ОҚО түрік этномәдени орталығы көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуды әсте доғарған емес. Қарағанды облысындағы су тасқынынан зардап шеккен жұртшылыққа 500 мың теңге көлемінде қаржылай көмек жіберді. Мұның алдында Батыс Қазақстан мен мына Ордабасы ауданындағы су тасқынының ортасында қалған отбасыларға, Қызылағаш апатында қиындыққа душар болған адамдарға да қаржылай жәрдем берді. Қорғансыз қалған қарт пен асыраушысынан айырылған жетімге қамқорлық көрсетіп келеді.
Жәнібек Нұрыш
«Оңтүстік Рабат», №18, 06.05.2015