№35 автобуспен жиі жүретін жолаушылар таңертеңнен қоғамдық көлікті көп күткен жоқ. Автобустар бірінен соң бірі келіп, аялдамада ұзақ тұрған жолаушы да болмады. Алайда, қызмет көрсетуге асығып, жолаушыны ала кетуде тағы бір автобус жанталасуда. Бұған дейін күнде аталған бағытта 13 автобус қатынайтын болса, бүгін олардың саны 27-ге жеткен.
№78 бағыттағы жағдай да осылай бірден жақсарған. Автобустардың бір бөлігі «Ман Оңтүстік» пен «Санжар моторс» компанияларына тиесілі, ал қалғандары — мемлекеттік сатып алу конкурсы өткенше жолаушы тасымалдауға кіріскен «Грин бас» компаниясының көліктері. Бірақ жолаушылар қай компанияның автобусымен болса да баратын жеріне уақтылы жеткеніне риза.
Мәселенің мән-жайын қала әкімдігінің көлік бөлімінен анықтадық. Бөлім басшылығы келісім-шартта көрсетілген талаптарды орындамағаны үшін қаладағы 8 көлік компаниясына қатысты құжаттарды сотқа өткізгенін алға тартты.
Үстіміздегі жылдың 5 мамырында арыз қанағаттандырылған. Ал бүгін көлік бөлімі осы екі бағытта жолаушы тасымалдау міндетін «Грин бас» компаниясына жүктейді. Бұл тек мемлекеттік сатып алу конкурсы өткенше дейді жауаптылар. Алайда соттан ұтылған «Ман Оңтүстік» және «Санжар моторс» компаниялары көлік бөлімінің бұл әрекеті заңсыз, келіспейміз деп отыр.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=IfAuUNlcYFw[/youtube]
Алайда көлік бөліміндегілердің пікірлері басқа. Соттың шешімі күшіне енді, біз аталған көлік компанияларына шешімді орындау бойынша ескерту бердік деп отыр. Енді №35 және 78 бағыттарда жүрген автобустарды жол-патрульдік полициясы қызметкерлерінің араласуымен тоқтатпақ.
«Южавтотранс» қауымдастығының төрағасы көлік бөлімі мамандарының әрекетін құптай алмайды. Кәсіпкерлер де мұнымен тоқтамақ емес. Жоғарғы сотқа арызданып, кәсіпкерлер палатасына өз құқығын қорғау үшін шағымданбақ ниетте.