Шымкенттегі Мұхаммед Дулати атындағы № 8 мектеп-гимназиясында өрт шықты. Ұшқын электр желісінің қысқа тұйықталуынан шыққан. Қас-қағым сәтте білім ұясын жалмыған қызыл жалын жану деңгейі бойынша 2-дәрежеге жетті. Бұл — өрт сөндірушілердің осы мектепте өткізген оқу-жаттығуы болатын.
Дабыл соғыла салысымен мектепте сабақ тоқтатылды. Ұстаздар мен шәкірттер тез арада мектеп алаңына шықты. Мұғалімдер оқушыларын түгелдеуде.
Мұндай сәтте ешкімді жоғалтпау өте маңызды. Ал бұл уақытта алғашқы өрт сөндірушілер мен техникалар да келіп жетті. Арнайы мамандардың кәсіби деңгейі секундпен өлшенеді.
Қуаныш Арсланов, өртке қарсы қызмет майоры: «Жеке құрамның негізгі мақсаты — балаларды өрттен құтқару, қауіпсіз жерге көшіру. Шартты өрттің уақытын анықтап, оның ұлғайып кетпеуін қадағалау аса маңызды. Түтіннің арасынан балаларды арнайы құтқарушылармен тізбектеу арқылы құтқардық.»
Қазыбек би көшесінде жол-патрульдік полициясы көлік қозғалысын тоқтатты. Білім ұясынан 700-ден астам оқушы шығарылды. Сценарий бойынша 2 жасөспірім зардап шекті. Тілсіз жау бас-аяғы 16 минутта ауыздықталды.
Бейсенбаева Шолпан, М.Х. Дулати атындағы № 8 мектеп-гимназияның директоры: «Мектеп әкімшілігі оқушылардың сабақ уақытындағы қауіпсіздігі үшін жауапты. Мұндай шаралар мектепте жылда өтіп тұрады. Азаматтық қорғаныс күні жылда өткізіледі. Сондықтан біздің мектеп оқушылары төтенше жағдайға дайын деп білемін.»
Оқушылар бұл жаттығуғаа көрермен ретінде қатысқанымен, айналадағы жағдайды шынайы қабылдағандарын айтады.
Дина Бекмұратова, 10-сынып оқушысы:»Өтіп отырған шара мен үшін өте қызықты және мағыналы. Бізге берері көп.»
Абдуғали Расулов, 7-сынып оқушы: «Маған бұл жаттығу ұнады. Қалай өрт сөндіру керегін үйрендім.»
Жауапты мамандар мұндай шараларды өзге мектептер мен нысандарда өткізуді жоспарлауда. Бастысы — өрттті болдырмау ғана емес, сонымен қатар кез келген төтенше жағдайға дайын болу. Өртке қарсы қызметкерлер мен мектеп басшысының бағалауы бойынша оқу-жаттығу сәтті өтті.