Исламдағы дінаралық ынтымақтың бірегей үлгісі

20-002ИсламИслам пайда болғалы бері он төрт ғасырдың ішінде басқа діндермен өзінің қарым-қатынасын орнатып келеді. Ислам өмірге келісімен өзінің географиялық орналасуына сай иудейлермен, христиандармен және тағы да басқа дін өкілдерімен қажетті байланыс орнатты.

Қасиетті Құранда: «Іштеріңдегі зұлымдық істегендерден басқа кітап иелерімен ең көркем түрде (ғылыми, сыпайы) талас жүргізіңдер. Оларға: “Өзімізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Сендердің Құдайларың да, біздің Құдайымыз да біреу-ақ. Біз соған ғана бойсұнушылармыз», – деп айтыңдар» («Анкабут» сүресі, 46-аят), – делінген. Өзге дін иелеріне Пайғамбарымыздың құрметі ерекше еді.

Бір ғана мысал, Иеменнің Нажран деген жерінде Мазһйж тайпасы болды. Сол тайпаның Балхарис руының аймағында хрис-тиандар көптеп шоғырланған еді. Сол аймақтан алпыс адамнан құралған топ Мәдинаға келіп, қала тұрғындарынан «мешіттеріңізде құлшылық жасап алайық» деген өтініш айтқан. Сахабалар ол тілекке көнбей жатқанда, бұл хабарды естіген Пайғамбарымыз дереу келіп, рұқсатын берген. Міне, екі дін арасындағы татулық пен келісімнің айқын белгісі.

Өз заманында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзге дін иелеріне де мейіріммен, қамқорлықпен қарай отырып, ортақ түсінік пен татулықты сақтаудың барлық амалын жасап отырды. Кейбір хадистерге қарап отырсақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзге дін иелерінің құқығын мұсылмандармен бірдей дәрежеде ұстағанын байқаймыз. Мұсылмандармен қатар өмір сүрген еврейлермен арада бейбіт байланыс орнатып, бәріне ортақ әділ қоғамдық заң жүйесін жазады. Сол бір, мұсылмандардың ең алғашқы жазылған Ата заңында өзге діндегілерге, оның ішінде еврейлерге дін еркіндігі, сенім бостандығы берілгені жазылған.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Кім зимми адамды (мұсылмандармен бірге өмір сүретін өзге дін адамын) өлтірсе, ол жәннаттың исін де иіскемейді. Әрине, жәннат исі жетпіс жылдық қашықтықтан келіп тұрады”, – деген (Насай риуаяты). Келесі бір хадисте: “Кім уәделескен (өзге діндегі) адамға зұлымдық жасаса немесе оның ақысын бермесе, оны шамасы жетпейтін нәрсеге мәжбүрлесе, оның ризалығынсыз бірдемесін тартып алса, қиямет күні мен сол адамның кегін алып беремін”, – деп қатал ескертеді (Әбу Дауд риуаятынан). Мына бір оқиға тәлім алуға тұрарлық болса керек. Омар ибн Хаттабқа Египет әкімі Әмір ибн Астың үстінен бір христиан әйел шағым түсіреді. Ол әйел арызында әкім оның үйінің жерін мешітке қосып бергенін айтады. Тексерілсе, әйелдің жерінің ақысы артық бағасымен мемлекет қазынасында тұрғандығы белгілі болады. Солай болса да, біреудің ақысы, құқы аяқасты етілмеуі үшін Омар ибн Хаттаб мешітті бұздырып, христиан әйелге үйін тұрғызып беруге бұйрық береді.

Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с.) меккелік мүшріктермен түзген «Худайбия» атты келісімшарты Исламдағы дінаралық ынтымақтың бірегей үлгісі болады. Ол құжат бойынша: «Егер бір мүшрік Исламды қабылдап, мұсылмандарға қосылса, меккеліктердің талабына сай мұсылмандар оны кері қайтаруға міндетті. Ал мұсылмандардың бірі Исламнан шығып, меккеліктерге қосылса, меккеліктер оны кері қайтаруға міндетті емес». Бұл келісімнен Алла Елшісінің (с.ғ.с.) басқа дін ұстанушыларға зорлық-зомбылық, әділетсіздік көрсетпегендігін анық байқаймыз. Осы орайда кейбір мұсылман бауырларымыздың намаз оқымайтындарды кәпірге шығарып, тіпті, өз бауырларымен қарым-қатынасын үзіп жатқанына қынжыласың.

Мұсылманның міндеті – оларды дінімізден үркіту емес, керісінше өз дінін шынайы түрде жеткізе білу. Бөгде діннің адамын зорлап яки алдап дінге кіргізу – мұсылманның уәзипасы емес. Бұл Исламға жат нәрсе. Шынайы дінге пенде өз ақылымен, еркімен кіруі керек. Ақиқат – әркім өз дінінің құндылықтарын паш етіп, сөзімен, ісімен, амалымен көрсете білгенде ғана айқындалады. Исламның бейбіт жолдағы дін екенін амал-әрекетімен көрсете білу – көркем мінезімен өз дінінің құндылықтарын паш ету.

Сондықтан бейбітшілік орнатуға ат салысу – тек қана дінбасылары мен дін ғалымдарының ғана емес, әрбір мұсылманның төл міндеті. Мейірім мен шапағатқа толы Ислам осы бір жұмсақтығының арқасында әлемге таралса керек. Заманауи орыс тарихшы Л.С. Васильев Исламның Орта Азиядан Испанияға дейiнгi ғаламат аумақта өте қысқа уақытта һәм түбегейлi таралуының ерiктi түрде болғанын дәлелдеп жазады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Егер сенің көршің мұсылман болмаса, оның сенде бір ақысы бар, ол – көрші ақысы. Ал егер көршің мұсылман болса, онда оның екі ақысы бар, олар – көрші ақысы мен мұсылмандық ақысы. Егер сенің көршің мұсылман және туысқан болса, онда оның саған қатысты үш түрлі ақысы бар – көршілік, туысқандық және ислам бойынша ақысы», – дейді.

Осылайша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізбен бірге бір қоғамда өмір сүретін әрбір адамның баршамыз сыйлауымыз тиісті болған белгілі бір құқықтары бар екенін ескертеді. Сондай-ақ, ол адам қай дінді ұстанса да біздің міндетіміз – онымен жақсы қарым-қатынаста болу. Ислам діндердің барлық түрлерін құрметтейді, себебі барлық діндердің тамыры біреу.

Қасиетті Құран Кәрімде былай делінген: «Біз Аллаға, өзімізге түсірілген Құранға, Ыбырайым, Ысмайыл, Ысқақ, Яғқұптарға және ұрпақтарына түсірілгенге және Мұса, Ғайсаларға, сондай-ақ Пайғамбарларға Раббыларынан түсірілгенге де иман келтірдік; ешбіреуінің араларына айырмашылық жасамаймыз» (Әли Ғымран сүресі, 84-ші аят).

Ислам – бейбітшілік, зиялылық, имандылық, шапағат, қайырым, мейірім діні. Ол тек арабтарға немесе белгілі бір ру, тайпа, ұлт, нәсілге емес, бүкіл адамзатқа түсірілген. Олар ынтымақта болсын, бірін-бірі танысын, достықта өмір сүрсін деп түсірілген. Бұл жөнінде Жаратқан Иеміз Құран Кәрімде: «Уа, адамзат! Біз сендерді ер мен әйелден (Адам Ата мен Хауа Анадан) жараттық. Өзара қарым-қатынас жасап, араласып өмір сүрулерің үшін ұлттар мен тайпаларға бөліп қойдық.

Кімде-кім Құдайдан көбірек қорқып тақуа болса, Алла алдында соның дәрежесі биік болады. Алла барлық нәрсені қамтып біледі» (Әл-Хужурат сүресі, 13-аят), – деп әрбір ұлт өз мәдениетімен, салт-дәстүрімен өмір сүру ұлттық ерекшелікті сақтаудың негізгі факторы екенін көрсетеді.

Біздің елімізде мұсылмандар және православиеліктердің, католиктер және протестанттар, буддистер және иудейлердің барлығы бір-біріне құрметпен қарайды. Өйткені әрбір адам басқа азаматтардың құқықтарына нұқсан келтірмей-ақ өзінің діни көзқарасын таңдауға құқылы.

Қазыбек Сарыбаев,
Шымкент қаласы А.Қаттани мешітінің найб-имамы

«Оңтүстік Рабат», №20, 20.05.2015