ОҚО тұрғыны өз баласын сатып жіберген

291

Шымкенттегі Хамза атындағы № 53 орта мектепте прокурорлық тексеру жалғасып жатыр. Математика пәні мұғаліміне оқушысынан түскен арыздан кейін Абай аудандық прокуратура қызметкерлері білім ошағын тыңғылықты тексеруге кіріскен. Нәтижесінде түрлі заң бұзушылықтың беті ашылды. Ең сұмдығы – сабаққа айлап келмейтін оқушының анасы өз балаларын сатумен айналысқан.

003

Бұл мектепте оқушылардың сабаққа келмеуі, жалған бағаның қойылғаны анықталған фактілердің ең жеңіл түрі деуге де болады. Мұнша былықтың көптігін ескерген прокурорлар тағы тексере келе үш оқушының айлап сабаққа келмегенін анықтаған. Осы балаларды іздестірген құзырлы орган өкілдері нәрестенің сатылып кеткені турасында жаға ұстатар жәйтқа тап болыпты.

Ермек Әйтімов, Абай ауданының прокуроры: «2015 жылдың 6 наурызында босаныпты. Содан кейін 22 наурызында Маңғыстау облысының тұрғынына сәбиін сатып жіберген. Ақысына 200 мың теңге мен алтын сырға алған. Қазір біз тергеу амалдарын жүргізіп жатырмыз. Ал сәбиді кері алдыртуға әрекет жасап жатырмыз. Үш оқушы оқу жылының 3 және 4-тоқсаны бойына сабаққа келмеген. Үш ай бойы мектеп бетін көрмепті. Ал мұғалімдердің ешқайсысы оларды іздемеген, ата-аналарымен байланыспаған. Шұғыл топқа кіретін полиция қызметкерлеріне осы оқушылар мен олардың ата-аналарын табу жөнінде тапсырма берілді.»

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=PXkn1z8hpBY[/youtube]

Прокурорлар мен тәртіп сақшылары жүргізген іс-шара барысында анықталғаны – үш баласы бар ана осы № 53 мектепке қарасты ауданда тұратын болып шыққан. Кейіннен ол әйелдің «Самал-3» шағынауданына көшіп кеткені, жұбайынан ажырасқаны анықталады. Сондай-ақ, ол азаматшаның 4 баласы бар екені де осы кезде белгілі болған.

№ 53 мектептің оқытушылары жіберген кемшіліктерін мойындайды. Бірақ қадағалаушы органның қызметкерлеріне наразы. Олар прокурорлар мектепті осымен 8-рет тексеріп жатқанын, мұның оқу ісіне кедергі келтіріп отырғанын айтады.

Айта өтейік, биылғы оқу жылы №53 мектеп ұжымын есеңгіретіп отыр.

Ернар Балабеков