Оңтүстік халқы Тұрсынай Оразбайқызымен қоштасты

436

Қазақ әдебиеті ауыр қазаға ұшырады. Алаштың аяулы, көрнекті ақыны, сазгер Тұрсынай Оразбайқызы дүниеден өтті. Оңтүстіктегі қаралы күнде ауа райының өзі де жылап тұрды. Ш. Қалдаяқов атындағы филармония алдына жиналған халық жүрегі нәзік ақын қызын соңғы сапарға шығарып салды.

006

Қаралы жиынға халық көп жиналды. Ел ағаларымен қоса өнер мен өмірде қатарласа қызмет еткен әріптестері, туған туыстары мен қазақтың Тұрсынай ақынын білетін барша жұрт осында. Ұлттың рухын асқақтататын көптеген құнды дүниелер қалдырған өнер иесі өмірден озып, кейінгі толқын апасынан, рухани панасынан айрылды.

Орынбасар Қуандықов, «Қазақ тілі» газетінің редакторы: «Оңтүстікте 100-ден астам жазушы бар болса, біздер үшін, Ресей қазақтары үшін Тұрсынай сияқтылар біреу-ақ. Мұндай ақын, жазушы жоқ бізде. Ол кісінің бізге айтқан сөздері өте қанатты, өте тілге бай адам екені байқалатын. Өйкені таза қазақ тілінде мақалы мен мәтелін қосып сөйлейтін адамдар қазір бізде кемде-кем. Мен үшін бүгін өте қайғылы күн.»

Онға жуық кітаптың авторы, ақиық ақынның қазақ руханиятына сіңірген еңбегі аз емес. Ол қазақ қаламгерінің туындыларын насихаттауға мол үлес қосты. Көп жылдар бойы Мәскеудегі халықаралық жазушылар одағы қауымдастығында қазақ әдебиеті бойынша кеңесші қызметін атқарды. Сол Мәскеуде 67 жасында дүниеден өтті. Бүкіл саналы өмірін өнерге арнаған ақынның соңында бір қызы қалды.

005

Абылайхан Оспанов, Мәскеуде қазақ өнерін насихаттаушы, Қазақстанның мәдениет қайраткері: «Тұрсынай Оразбаеваның орны бөлек. Ол кісінің көп әндерін орындадым. Соңғы кезде науқастанды. Оңтүстік облысының басшылығы және мәдени басқармасы көп көмегін тигізді. Мәскеуде өз пәтеріне қатты қысылып жатқанда, дін жолында жүрген имам жігіт барып, дем салып отырғанда дүниеден озды… «Өмірден жеңіл кетті» деп айтты имам. Тұрсынайды тек Қазақстан Республикасы емес, бүкіл Орта Азияның әдебиет жөніндегі елшісі деп айтуға болады. Иманы саламат, жаны жәннәтта болсын.»

Тұрсынай Оразбаева — халықаралық «Алаш» әдебиеті сыйлығының, «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы » мерекелік медалінің иегері, Саха-Якутия Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет» грамотасымен марапатталған болатын.

Гүлжан Байназарова