Оңтүстікте 11 мыңнан аса кәсіпорын бар. Оның 9360-ы тұрақты жұмыс істеп тұр. Өндірістік процестерді тұрақтандыру, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету мақсатында меморандумдар түзілген.
Әлеуметтік әріптестіктің нәтижесінде заңсыз қысқартулар азайған. Жұмыстан қысқартылған азаматтарды әлеуметтік қолдау үшін «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында мерзімдік курстарға жіберілген.
Ал өңірде еңбек заңнамасы қатал сақталады. Десе де еңбек саласында Оңтүстікте жыл басынан бері 700-ге жуық заңбұзушылық анықталыпты. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша 139 заңбұзушылық тіркелген. Ал жалақы қарызы дер кезінде төленіп отыр дейді еңбек инспекторлары.
Биылдың өзінде 24 мекеменің мыңға жуық қызметкерге жалақы қарызы болған. Оның 90 пайызы бүгінгі таңда борыштарынан құтылған. Облыс көлемінде төрт мекемеде жалақы қарызы қалып отыр.
Бердібек Сапарбаев, Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары: «Біз өңір-өңірлерді аралап, қысқартудың алдын алдық. Сан мыңдаған меморандумдар жасастық. Бүгінгі таңда еліміз бойынша 15 мыңға жуық адам жұмыстан қысқартылса, оның үш мыңы — оңтүстікқазақстандық. Қысқартуға түскен жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау үшін арнайы жоспар бойынша жұмыстар жүргізілуде».