Оңтүстік Қазақстан облысында Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына орай 3D форматтағы аннимациялық фильм түсірілуде. Бұл туралы «Оңтүстік» ақпарат орталығында БАҚ өкілдеріне берген брифингте облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Берік Құрманғали мәлімдеді.

003

Анимациялық фильм «Біз соққан ортақ үй» тақырыбында түсірілуде. Туында жастарды Отанды сүюге, мемлекеттік тілдің насихатталуына және халықтар арасында ынтымақтастық пен достық байланысты нығайтуға үгіттейді. Басқарма басшысының айтуынша, аталған фильмді 1 маусым ‒ халықаралық балаларды қорғау күні жарыққа шығару жоспарлануда.

‒ Басқарманың негізгі міндеттерінің бірі ‒ Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» жолдауын насихаттау болып табылады. Осы орайда ақпараттық-топтардың жұмысына барлығы 400 мыңнан астам адам қамтылып, бұқаралық ақпарат құралдарында 800-ге жуық мақала жарық көрді,‒ деді Б.Құрманғали.

Басқарма басшысының айтуынша, Жеңістің 70 жылдығына орай ұлттық нақышты айқындайтын 15 мың дана Жеңіс лентасын шығарылып, таратылған. Жеңіс күні «Даңқ» мемориалында өткен шарада «Отырар-TV» телеарнасымен бірлесе «Мәңгілік даңқ» шеруі ұйымдастырды.

Сондай-ақ, аталған датаға орай басқарманың тапсырысымен өңірден аттанған батырлардың өмір жолы мен соғыс ардагерлерінің ерлігі баяндалған қысқа метражды «Майдангерлер» фильмі түсіріліп, көрерменге ұсынылды.

Баспасөз мәслихатында басқарма басшысы алдағы уақытта ел бірлігін нығайтуда облыс әкімі жанындағы «Ырыс алды ‒ ынтымақ» қоғамдық форумы, отбасы құндылықтарды арттыру үшін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы және патриотизмді қалыптастыру мақсатында «Менің Қазақстаным» патриоттар форумы өткізілетінін айтса, дінаралық татулықты сақтау бағытында республикалық семинарлар мен ғылыми конференциялар және бұқаралық ақпарат құралдарымен республикалық семинарлар, оның ішінде аймақтық журналистер форумын өткізу жоспарланғанын тілге тиек етті.

Идеология саласында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен баяндаған Берік Уәли байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне байланысты бұқаралық ақпарат құралдарындағы үздік мақала мен бейнесюжеттерге конкурс жарияланғанын айтып, сол байқауға БАҚ өкілдерін белсене қатысуға шақырды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі