Оңтүстік Қазақстанда «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы шеңберінде 9157 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл туралы «Оңтүстік» ақпарат орталығында өткен брифингте облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темірбаева мәлімдеді.
Биылдың 4 айында атқарылған жұмыстарға есеп берген басқарма басшысының айтуынша, өңіріміздегі жұмыссыздық деңгейі 2 пайызға төмендеген. Ал жұмыс іздеп келгендердің ішінен жұмысқа орналасқандардың үлесі 53 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ, осы бағдарлама негізінде 13 203 азаматпен келісім-шарт түзіліпті.
Бірінші бағыт бойынша ауылдық жерлерді көркейту мақсатында жүргізілетін жөндеу жұмыстарына 2,1 млрд теңге бөлініп, 29 нысан бекітіліп, осы жұмыстарды жүргізу барысында 822 уақытша жұмыс орны ашылады, 412 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы жолданатын болады.
Екінші бағыт бойынша 60 адам 132,7 млн теңгеге шағын несие алып, несие алушылар тарапынан қосымша 168 жаңа жұмыс орындары ашылды. Ал үшінші бағыт шеңберінде 9157 азамат тұрақты жұмысқа орналасса, 827 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды.
Оқуды бітіруші 445 жас маман жастар практикасына жіберілді. Кәсіптік оқыту бойынша 14 мамандық негізінде 178 бағдарлама қатысушысы қайта даярлауға жолданды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі