Биыл облыста 64 апатты, үш ауысымда оқытатын 30 мектептің мәселесі шешілген. Ал балабақшалар саны күн санап көбейгенімен, мектепке дейінгі тәрбиеге мұқтаж бүлдіршіндер саны азаймай отыр. Бұл туралы облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Альбина Елшиеваның оқу жылын қорытқан баспасөз мәслихатында мәлім болды.
Бүгінде облыста апатты жағдайдағы 48 мектептің 33-де құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 4-і бүгінгі күнге пайдалануға берілсе, 29-ы ағымдағы жылы аяқталады. Облыста соңғы жылдары жүргізілген құрылыс есебінен саз балшықтан салынған мектептер саны да азайған.
Облыста балабақшалар саны артып отырғанымен, жыл сайын туылып жатқан балалар есебінен кезек саны да өсіп жатыр. Бүгінде өңірде 74 мыңнан астам сәби балабақшадағы кезегін күтіп отыр. Ең үлкен кезек Шымкент қаласында тіркелген. Облыс орталығында 62 мың бүлдіршін балабақшаға қабылдануы тиіс.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ZVK2Jh5DgIw[/youtube]
Биылғы оқу жылында облыс мектептерінен 31 мыңға жуық түлек қанат қатты. Бітірушілердің 71 пайызы ҰБТ тапсыруға өтініш беріпті. Бұл көрсеткіш былтырғыдан 3 пайызға өскен. Соңғы 3 жылда облыс оқушыларының ҰБТ-дағы орта балы 7,6 балға жоғарылаған. Облыстың бас мұғалімі бүгін 16 ұлттық бірыңғай тест тапсыру пунктінің жұмысымен таныстырды.
Биыл 23 млрд теңгеге 101 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 67 нысан тапсырылуы тиіс.