Түркістан облысында ұлттық жоба аясында 86 мектеп салынбақ

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы бойынша 86 мектеп салынады. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды жалпыұлттық жобаны іске асыру мәселесі бойынша сала жауаптыларымен кездесіп, тапсырмалар берді. Жаңа үлгідегі білім ошақтарын салу үшін жер телімін бөлу, инженерлік жүйе жүргізу, педагогтермен қамту және құрылысты уақытында аяқтау тапсырмалары міндеттелді. Егер, жоба жүзеге асса, өңірдегі үш ауысымды, апатты, ескірген мектептер жойылады деп жоспарланып отыр.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңесте 2023 жылы басталуы тиіс мектептер үшін жер учаскесін бөлу және қажетті инфрақұрылымға қосу жөніндегі барлық мәселені бір ай ішінде шешуге тапсырма берді. Мәселенің маңыздылығын ескере отырып, барлық аудан, қала басшыларына шұғыл түрде жаңа мектептердің жер телімін заңдастыруды тапсырамын». 

2023-2025 жылдарға арналған жобаға республикалық бюджеттен 400 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді. Ал жоба аясында ашылған білім ұялары заманауи пән кабинеттері және зертханамен толық қамтылмақ.

Жалпы Түркістан облысында 900, 1200 және 2000 оқушы орындық мектептер салу жоспарланған. Бекітілген 86 мектепте 60 мыңнан астам баланың білім алуына барлық мүмкіндік жасалады.