Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облысының соттары Түркістанда бас қосты. Ғылыми конференцияға арқау болған тақырып — «Есім ханның ескі жолы — ауызша қағидалар жиынтығының озық үлгілері». Аймақтық деңгейде өткен жиынға заңгерлермен қатар, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, студент жастар да қатысты.
Қазақ жерінде билер сотының қалыптасуы мен оның Қазақ хандығының құрылуы мен дамуына ықпалы турасында ғалымдар жазған еңбектер баршылық. Биылғы датаға орай біразы қайта жаңғырды. Қөне қалада өткен жиында осы еңбектердің негізгілері көпшілік назарына ұсынылып, пікірлер айтылды.
Жоғары сот төрағасының құттықтауын жеткізген судья Бағлан Мақұлбеков бұл шараның сан ғасырға ұласқан тарихи шежіре, құнды жәдігерлер орталығында ұйымдастырылуының өзі кездейсоқ емес дейді.
Ежелгі ата-баба ережелерінің бүгінгі Конституциямызға негіз болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Өркениетті елдің, оның халқының саналы деңгейін көрсететін нақты өлшемдерінің негізгісі де осы — құқығын қорғайтын төл заңы.
Деректерге сүйенсек, Қазақ хандығы құрылған XV ғасырда барша жүрт ауызша заңдар жүйесіне — «Әдет» заңына бағынған. Бүкіл қауым үшін Ата заң болған да сол.
Қазақ жерінде алғаш рет заң ережелерін, бітім билігін жасаған Қасым хан болса, сол «қасқа жолды» заман рухына сай етіп, жаңадан төрт тұғырды дүниеге келтірген — Есім хан. Оның тұсында «Хан болсын, ханға лайық заң болсын, батыр болсын, жорық жолы мақұл болсын, абыз болсын, абыз сайлау парыз болсын, би болсын, би түсетін үй болсын» деген ережелер жаңалық болып енген деседі.
Бұдан Қазақ хандығы құрылысының саяси-әкімшілік, әскери, рухани және сот істері жөніндегі негізгі заң сипатындағы төрт тұғыр екені байқалады.
Осынау іс-шара аясында «Қазақ хандығының тарихындағы Түркістанның орны» тақырыбында арнайы көрме және сурет, кітап көрсетілімдері ұйымдастырылды. Екі сессиядан тұрған конференцияда белгілі тарихшы, заңгер, филолог ғалымдар, зерттеушілер мен жазушылардың жиырмаға жуық ғылыми баяндамалары оқылды.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=CyD7rHKipXo[/youtube]
Ол еңбектерде Қазақ хандығы тұсындағы мемлекеттік билік, билер сотымен қазақтардың дәстүрлі құқығы тақырыбы жан-жақты қарастырылған. Бұл деректер, айтылған пікірлер біріктіріліп, арнайы жинақ басылып шығатын болды.