Соңғы жылдары Шымкент қаласында тек экономикалық емес, құқықтық тұрғыдан да елеулі өзгерістер орын алып отыр. Әсіресе, сот жүйесіндегі реформалар мен жаңа форматтағы қызметтері өзгерді.
Бүгінде Шымкентте сотқа бару бұрынғыдай ауыр, ұзақ және түсініксіз процесс емес. Азаматтарға барынша қолайлы болу үшін соттарда заманауи фронтофистер ашылған. Бұл – өз мәселе-сұрақтармен келіп, ұзын және шулы кезек күтпей, бір терезе арқылы тиісті ақпарат пен көмек алуға мүмкіндік беретін жүйе.
2018 жылдан бері қаладағы төрт аудандық сотта (Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау) және мамандандырылған соттарда осындай кеңселер белсенді түрде жұмыс істейді. Бұл сот саласы «бөтен, жабық әлем» емес, ашық әрі түсінікті жүйе екендігіне дәлел.
Ал ерекше бір жаңалық – Шымкентте құрылған тергеу соты. Бұл сот – құқық қорғау органдарының әрекетіне шағым түсіруге, санкция алуға, тергеу барысына араласуға мүмкіндік беретін маңызды жоба. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл сот азаматтардың құқықтары бұзылған жағдайда әділет іздейтін бірінші орындардың бірі.
2023 жылы Шымкент пен Астанада жүзеге асқан тағы бір үлкен өзгеріс – аудандық соттарды біріктіру. Бұрын әр аудан өз бетімен істі қарап, ресурстар мен жұмсалатын күш біркелкі бөлінбейтін болса, енді бәрі едәуір жеңілдеді. Бұл – судьялардың жүктемесін теңестіріп қана қоймай, істердің жылдам әрі сапалы қаралуына жол ашады.
Сот жүйесін цифрландыру да назардан тыс қалған жоқ. Қазір іс жүргізу процестері электронды форматта жүріп жатыр. Мысалы, office.sud.kz және online.zakon.kz секілді сайттар. Сотқа арыз беру, істің барысын бақылау немесе тіпті сот шешімін алу – барлығы онлайн режимде іске асады. Бұл – уақытты үнемдеуге сеп болған нақты қадам.
Сот жүйесіне деген сенімді арттыру мақсатында Қазақстанда жалпыұлттық деңгейде реформалар қолға алынған. Шымкентте бұл бастамалар нақты нәтижесін беріп келеді. Президенттің Жолдауы аясында судьялардың тәуелсіздігі, кәсібилігі мен ашықтығы күшейтілді. Енді сот шешімдері түсініксіз заң тілімен емес, қарапайым халыққа түсінікті форматта шығарылады.
Қоғам сенімін ақтау – оңай іс емес. Бүгінгі өзгерістерге қарап, біз мақтанышпен айта аламыз – Шымкент сот жүйесінің дамуы қарқынды әрі жылдам.
Жанна Құрманбекова







