Түлектер араға үш жарым сағат салып сынақ аудиториясынан шыға бастады. Базбірі ойдағыдай сұрақтар түсті десе, енді бірі сынақтың едәуір қиын болғанын айтады.
Дәулет Тұрғамбаев, мектеп бітіруші түлек: «Сұрақтардың көбісі өзгерген. Мен дайындалған сұрақтар онша келмеді. Тест сұрақтары 50 пайыз өзгеріп кетіпті. Мен білмейтін сұрақтар келді. Дайындалған сұрақтарым келмеді».
Мақсат Орнықбай, мектеп бітіруші түлек: «Ешнәрсе қолданған жоқпын. Мүмкіндік те болмады. «Шпаргалкаларды» алып қойды, телефон байланысын тұншықтырып тастапты. Өзіне сенгендердің жолы болды. Барлығы әділ өтті. Өзім жүздің шамасындағы балл жинаймын деп ойлаймын».
Ал биыл ҰБТ-ға енгізілген өзгерістер бойынша тест нәтижелері жылдағыдай ғимараттардың алдына ілінбейді. Талапкерлер ұлттық тест орталығының арнайы сайтына кіріп, өздеріне берілген кодты және жеке сәйкестік нөмірін теріп, сынақ қорытындысымен таныса алады.
Серік Әуесханов, ОҚО білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары: «Тесттің нәтижесімен оқушымыз, бітірушіміз, түлегіміз келіспеген жағдайда осы тест өткен күннің ертеңіне, яғни, бүгін, 2 маусым күні алғашқы тест, ертең, үшінші маусым күні, сағат 14:00-ге дейін апелляциялық шағым бере алады».
Айта өтейік, биыл Оңтүстікте 30 982 бала мектеп бітірсе, олардың тең жартысы ҰБТ тапсырады. Он бір жыл бойы үздік оқыған 1081 бітіруші «Алтын белгіден» үміткер саналады. ҰБТ тапсыру науқаны 15 маусымға дейін жалғасады деп күтілуде.