Бір мектептің түлектері түгел грант иегері атанды

Жетісай қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының түлектері түгел мемлекеттік грантқа ие болды. Биыл бітірген 63 оқушының 30-ы алтын белгі, 21-і үздік аттестат иегері екен. Бітірушілердің ұлттық бірыңғай тестілеуден жинаған балы да жоғары болған. Ал мұндай жетістік білім ұясы үшін таңсық емес. Себебі мектеп-гимназиясы бұған дейін де жоғары көрсеткішке ие болып келген.

Елдос Айболатов Жетісай қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің түлегі. Бітіруші бозбала 11 жыл бойы алған білімінің нәтижесін көрсетіп, мемлекеттік грант иегері атанды. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 95 балл жинаған түлек, сынақтың қиын болғанын айтады.

«Физика математика пәнінен таңдадым.Қазір түскенім Әл-Фараби атындағы қазақ-ұлттық университеті. Қала құрылысы мамандағы бойынша. ҰБТ 95 балл жинадым. ҰБТ биыл қиын болды», дейді Елдос Айболатов.

Бауыржан Момышұлы мектебінің 63 түлегі түгел мемлекеттік грант иегері атанды. Мұндай жетістікті мұғалімдер мамандық пен ЖОО-нын дұрыс таңдаудың нәтижесі дейді. Барлық бітірушінің ұлттық бірыңғай тестілеуде жинаған балы жоғары болған. Жақсы нәтиже көрсеткендердің бірі Дана Алайдар. Ол 128 ұпай жинап, Сүлеймен Демирел университетіне оқуға түсті.

Дана Алайдар, түлек: «Қазір білімділердің заманы дейді, ал білімділерді шығаратын мұғалімдер. Сондықтан педагогиканы таңдадым. Осы ұстаздарымыздың арқасында осынша балл жинап жатырмыз. Мұғалімдердің ізііен қалаған мамандығымды таңдадым».

Түлектер биыл жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша алғаш рет тест тапсырып отыр. Олар тапсырмалар өткен жылмен салыстырғанда біршама қиын болғанын айтады. Ал мектеп директорының орынбасары мұндай үлкен жетістікті тынымсыз дайындықтың нәтижесі дейді. Себебі, білім ұясының 11 сыныпқа өткен оқушылары тамыз айынан дайындықты бастап кетеді екен. Таңнан-кешке дейін үздіксіз дайындалатын оқушылардың ата-аналары кейде тіпті кезекпен кешкі асты мектепке әкеп береді екен.

Сәкен Жұмақов, Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназия директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары: «Негізі жылда біздің балалар жақсы нәтиже көрсетеді. Бірақ, жылына 1-2 немесе 4 оқушы грантқа түсе алмай, ақылы негізде оқып немесе ішкі грантқа түсіп жататын еді. Биылғы түлектеріміз, 63 оқушы 100% грант иегері атанды».

Айта кетейік, бұл мектеп-гимназиясын ҰБТ басталған 2003-ші жылдан бері 1240 оқушы бітірген. Ал оның 925-і грантқа түскен болса, жалпы алтын белгімен аяқтаған түлектердің саны 444.

Гүлдана Дәурен