«Өз атағымызды қорғап қалуға тырысамыз…»

«Мәдениетім-мерейім» облыстық өнер сайысының кезегі түркістандық өнерпаздарға келді. Кәсіби театры бар өлке үшін сайыс талаптарының алғашқысын орындау аса қиын болған жоқ. Олар соғыс тақырыбына арналған спектакль мен ән-жырларын тарту етті.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ENQsUN_EOfk[/youtube]

 

Сұм соғыстың зардабын тартып, ғашығымен қосыла алмаған қарт. 70 жылдан кейін қайталанған тағдыр. Тарихы 1964 жылдан бастау алатын Түркістан халық театрының ұжымы көременнің есіне тағы да сонау соғыс жылдарын  салды. «Мәдениетім-мерейім» облыстық фестивалінде киелі өлке әртістері көптің көкейіне ой салар «Жаңғырық» қойылымын сахналады.

Қойылымды тамашалаған жұрт бұдан соң нағыз қазақ ауылының өміріне тап болды. Ақ қанатты киіз үйде жиналған сал-серілер халық әндерін шырқап, жиналғандардың көңілін көтерсе, тас диірменде ұн тартылып, бауырсақ пісірілуде.

Қолөнершілер де өз бұйымдарын қалың қауым назарына ұсынды. Айта кету керек, соңғы жылдары Түркістанда цирк өнері де дамып келеді. 300-ге жуық өнерпазын үкілеп өрелі сайысқа қосқан түркістандықтар ерекше дайындықпен келгенін байқатты.

Бұл шара Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып сахналанған қойылыммен жалғасты. Қазақ тарихындағы өз орны бар үш бидің жүргізген билігі де көрініс тапты. Фольклорлық ұжымдар да өнерлерін ортаға салды.

Бұған дейін облыстық сайыстарда жүлдеден құр қалып көрмеген түркістандықтар бұл жолы да өз атағымызды қорғауға барымызды саламыз деп отыр.