Таласқа түскен телімдер. Облыстық соттың касациялық алқасында Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылында туындаған жер дауы қаралды. 23 учаскеге қатысты ушыққан мәселе қазір үшінші сатыға жетті. Табанынан тозған қарабұлақтықтар бізді шаршатқан шенеуніктер деп налып отыр.
Мүліктері дауға түскен қарабұлақтықтар кассациялық сотқа шағымданыпты. Алғашқы отырыста шағымданушы тараптың адвокаты мен жергілікті прокуратура өкілі тыңдалды. Қорғаушы үлестірілген жерлердің заңсыз пайдаланылып отырғанын дәлелдеу үшін мың сан дәйектеме келтірді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=WorJI1Fq7GY[/youtube]
Ал адовакат электронды база дер кезінде жаңартылғанда да тұрғындардың мүлкі осылайша дауға түспес еді дейді. Айта кетейік, жер телімдерін бөлуде заңсыздықтарға жол берілгенін ауданның прокурорлары анықтаған. Қадағалау органы өкілдерінің айтуынша, суармалы жер телімдері тәлімдік жерге заңдастырылмастан тұрғындарға үлестіріліп жіберілген.
Шенеуніктердің салғырт шешімінен енді оншақты отбасының далада қалатын түрі бар. Сегіз отбасы заңды түрде алған жерлеріне баспана тұрғызғанымен, аудандық сот үйлерді сүріп тастау туралы шешім шығарған.
Ал қалған 15 жер телімі қайтарылады. Ал бұл ретте халықтың не жазығы бар? Қайтарылған жерлер қалай пайдаланылады? Бұл сұрақтар сотта да басы ашық күйде қалды.
Сот төрғасы тараптарды тыңдай келе үйлерді бұзуға және жер телімдерін қайтару үшін келтірілген дәйектердің жеткіліксіздігінен сот отырысын кейінге қалдырды. Келесі отырысқа жер телімдерін бөлуде заңсыздыққа жол берген жергілікті әкімдік өкілдері шақырылып отыр.