Әл Фараби көшесін жөндеу жыл соңында аяқталады

296

Шымкентте жол жөндеу мәселесі күрделі күйінде қалып отыр. Тұрғындардың айтуынша, Тельман бөлімшесіндегі Сыпырған ата көшесінің басым бөлігі биліктің назарынан қалып қоя беретін көрінеді.

005

Қатынкөпір шағынауданының тұрғындары осы маңдағы жолдардың жөнделетініне сенуден қалған. Әл Фараби мен Арғынбеков көшелері аралығындағы Сыпырған ата көшесі ойдым-ойдым күйге түскенін айтады. Жаңбыр жауса көліктер де, жаяу жүргіншілер де қиналады. Жол азабынан бағыттарда қызмет көрсететін қоғамдық көлік жүргізушілері де мезі болыпты.

Ділмұрад Разыметов, жүргізуші: «Мұндай жерде танкі жүру керек қой. Мүмкін емес. Қыста жүру мүмкін емес, айналып өтеміз. Шұңқыр көлігімізді ұрып, үнемі жөндеумен әлекпіз.»

Соның салдарынан бағыттағы көлік те азайып кетіпті. Мәселен, «Шыңғыс Плюс» ЖШС-не қарасты №91 бағыт бойынша бұл компанияның 32 Газелі осы маңдағы жолаушыларға қызмет көрсетуі тиіс. Алайда бүгінде оның небәрі 23-і жүріп тұр.

Қанат Әлиев, «Шыңғыс Плюс» ЖШС автопаркінің бастығы: «Көліктің жүріс бөлігі бұзылады. Оған қоса қазір Әл Фараби көшесі жөнделуде. Тұрғындар бүгін қай көшемен өтетін болдыңдар деп диспетчерлерге хабарласады.»

Қазіргі таңда Әл Фараби көшесі кеңейтіліп жатыр. Соның салдарынан қатынайтын қоғамдық көліктер Исаханов көшесімен уақытша жүруде. Бас мердігер компания «Түркістан жолсервис» серіктестігі екі жолақ жолды күзде пайдалануға бермек.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=GbnDlxz07z8[/youtube]

Асылбек Баймырзаев, Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары: «Әл Фараби көшесіндегі құрылыс жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес жылдың соңында аяқталуы тиіс. Ал Сыпырған көшесінің құжаттары енді дайындалды. Оны қалалық құрылыс бөлімі жасауда. Құжат алдағы қалалық мәслихаттың сессиясының қарауына ұсынылады.»

Сонымен, жолға жауапты мамандар бес жыл бұрын орташа дәрежеде жөнделген Әл Фараби көшесіне қазынадан қаржы табылады деп отыр. Ал сонау 90-жылдардан бері еш жөнделмей келе жатқан Сыпырған ата көшесінің бір бөлігі шаңы бұрқырап қала бермек. Яғни жергілікті тұрғындарға да, көлік жүргізушілеріне де шыдамдылық танытудан басқа аламай қалмай тұр.

Шынар Оразова